Димаш ағама «спасибо» деп жіберіппін, ескерту жасады
Жас талант танымал әнші Димаш Құдайберген «қазақша сөйле» деп ескерту жасағанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ресейдің «Голос. Дети» байқауына қатысқан Ержан Максимді қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кездесу барысында жас әнші тегінің неге Максим екенін түсіндірді. Ержанның айтуынша, оның атасының аты Мақсым болған. Алайда құжатта Максим болып жазылып кетіпті.
Сонымен қатар ол «Голос. Дети» байқауынан соң танымал әнші Димаш Құдайберген құттықтағанын атап өтті.
«Димаш ағамдай болсам деймін. Ол кісіге рахмет айтамын. Алла Пугачевамен кездесерде Димаш аға видео қоңыраумен хабарласып, жылы лебізін білдірді. Ресейде «спасибо» деп айтып, үйреніп қалыппын. Димаш ағам маған «қазақша сөйле» деп ескертті» — дейді Ержан Максим.
«Голос. Дети» жобасындағы жанжал
26 сәуірде Бірінші арнада «Голос. Дети» шоуының финалы көрсетілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша әнші Алсудың қызы Микелла Абрамова жеңіске жетті. Ержан Максим екінші орын иеленді. Алайда интернет қолданушылар финал әділ өтпегенін айтып, шу шығарды.
Ресейлік әншілер «Голос. Дети» байқауы әділетсіз өткенін мәлімдеді
Тележүргізуші Максим Галкин мен әнші Валерий Меладзе, продюсер Иосиф Пригожин, актер Станислав Садальский финалдың нәтижесіне көңілі толмайтынын мәлімдеп, әлеуметтік желіде өз пікірлерін ашық білдірді. Көпшілік жобада Ержан жеңіске жеткенін айтып жатыр.
sputniknews.kz