«Дикий» Арманды» қамауда ұстау мерзімі тағы 2 айға ұзарды
«Дикий» Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиевті қамауда ұстау мерзімі 7 маусымға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Kznews.kz.
«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі хабарламасы бойынша, сот қаулысымен тергеу органының өтініші қанағаттандырылды. А. Жұмагелдиевке қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде қамау мерзімін 2 айға, яғни 2023 жылғы 7 маусымға дейін ұзартуға санкция берілді», — делінген Алматы қалалық сотының хабарламасында.
Еске салайық, «Дикий Арман» лақап атымен танымал қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев былтыр 7 қаңтарда ұсталған болатын.
Кейін ҚР Бас прокуратурасы «Дикий Арманның» Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғанын мәлімдеді.
Жуырда «Дикий Арманмен» бірге «қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдірушілердің басын қосып, топ ұйымдастырды» деп айыпталған Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген порталымызға тергеу камерасынан жолдаған жазбаша жауабында қаңтар оқиғасы жайлы өз нұсқасын айтып берген еді.