Детектив жанрының үздіктері марапатталды

0

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қалалық сотының 50 жылдық, «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС-нің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шытырман оқиғалы шығармалар байқауының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Қазақ прозасының кенжелеп қалған бұл жанрын оқырмандар тілегі бойынша Алматы қалалық сотының қолдауымен – «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС-і ұйымдастырды. Жүлде қоры – 1 000 000 (бір миллион) теңгені құрайтын бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 70-тен астам үміткер өз шығармаларын жолдады. Оларға ақын, публицист, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Заң газетінде» ұзақ жыл жұмыс істеп, құқық тақырыбына қалам тербеп, детектив жанрындағы шығармаларын жинақ етіп жариялаған белгілі журналист Елеусіз Мұрат пен ақын, журналист-жазушы Серік Сарыбаев қазылық жасады.

Байқау нәтижесінде жүлделі үшінші орын Әсем Жұмахан, Еркеғали Бейсенов және Қуандық Шамахай сынды авторларға берілсе, екінші орын /200 000 теңге/, Жанар Жанапиянованың еншісіне бұйырды. Ал 1-орынға /500 000 теңге/ белгілі журналист, жас драматург, «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Әлібек Байболдың «Миллион» атты шығармасы лайық ден танылды. Сондай-ақ 5 үміткерге ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Өзінің 25 жылдық мерейтойын осылай оқырмандарына сыйлық үйлестіру арқылы атап өтуді ұйғарған «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС-і – 1994 жылы құрылған болатын. Ол еліміздегі құқықтық салаға арналған бірден-бір республикалық екі газет («Заң газеті» және «Юридический газета») пен екі ғылыми журналдың («Заң» және «Фемида») шығарушысы.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ