Деректер детективі, киберсарапшы, цифрлық тігінші: Министр болашақ мамандықтарды атады

0
10 Желтоқсан 2018, 12:07 136 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2030 жылы әлемде 85% жаңа мамандық пайда болатынын айтты.

«Мемлекет Басшысы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді толық электронды форматқа көшіру бойынша Үкіметтің алдына маңызды мақсат қойды, үлкен жауапкершілік жүктеп, сенім артты. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік қызмет көрсету реестрі 741 атаудан тұрады. Олардың 454-і автоматтандырылған. Биылғы жылдың аяғына дейін қосымша 70 қызметті автоматтаныру жоспарланып отыр. Ал 2019-шы жылдың соңына қарай көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80%-ы автоматтандырылмақ. 2020-шы жылы бұл көрсеткішті 90%-ға жеткіземіз. Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында еңбектің электронды биржасы іске қосылған. Бұл қызметті қазірдің өзінде 81 мың жұмыс беруші мен 373 мың жұмыс орнын іздеуші пайдаланған. Ал денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында 700 денсаулық сақтау ұйымы медициналық құжатты қағазсыз рәсімдеу жүйесі бойынша жұмыс істеп отыр. Бүгінгі таңда 13,3 миллион адамның денсаулығына байланысты деректер денсаулық сақтаудың электронды паспорттарында жинақталған. Бұл өте ыңғайлы. Өйткені қазір емханаларда дәрігерге бару мен кезекке тұру екі есеге төмендеген», — деді Абаев.

Министрдің айтуынша, сол себептен білім саласына аса үлкен мән беру керек.

«Адам капиталын дамыту» бағыты бойынша жас ұрпақтың шығармашылық мүмкіндіктерін арттыру мақсатында «бағдарламалау негіздері» пәні еліміздің орта мектептерінде 2 сыныптан бастап енгізіледі. Техникалық, кәсіби, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі реформалар аясында білім беру бағдарламаларын заманауи трендер бойынша дамыту жүргізіліп жатыр. Сарапшылардың болжамы бойынша 2030 жылы әлемде 85% жаңа мамандық пайда болады. Олардың қатарында деректермен жұмыс жүргізетін детектив, қалалық киберсарапшы, генетикалық код редакторы, цифрлық тігінші және тағы басқа мамандықтар болуы мүмкін. Сондықтан қазірден бастап осы трендерді ескеріп, мамандарды нарыққа сай дайындау маңызды», — деді Дәурен Абаев Мәжілісте өтіп жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы Үкімет сағатында.

Бұған дейін министр «озық білімді ІТ-мамандарымызды уысымыздан шығарып алмауымыз керек» деген болатын. Сондай-ақ, елімізде автомобиль және металлургия саласын роботтандыру мүмкіндігі жоғары екенін айтқан еді.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:

Дереккөз: BAQ.KZ