Дереккөз: Жақын күндері Мамин Үкіметі отставкаға кетеді
Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, жақын күндері Асқар Мамин басқаратын үкімет отставкаға кетіп, Сенат пен Парламенттің бірлескен отырысында Үкіметтің жаңа басшысы тағайындалады. Бұл туралы Nege.kz сайты жазды.
Мұнайдың бағасы шарықтап, долларлар елімізге суша ағылып келіп жатқанда, премьер-министр болу біршама жеңілдеу еді. Көп нәрсеге бас ауыртпауға да болатын. Енді міне, бензиннің бағасы бір шөлмек судан арзан кез туды. Пандемия да жығылғанға жұдырық болып тиді. Осы тұрғыдан Асқар Маминнің жолы болмады.
Осындай қилы заманда Үкімет басшысы елді қиыншылықтан алып шыға алатын, жігерлі, іскер, табанды да, ілкімді болуы шарт еді. Сарапшылардың пікірінше, Асқар Мамин бұл үдеден көрінген жоқ.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жазда Үкімет пен оның мүшелерін қатаң сынаған. Тағы бір мүмкіндік беріп, тез арада жағдайды түземесе, Үкіметтің отставкаға кететінін айтқан. Одан бері талай су ақты. Парламент сайлауы да өте шықты. Бірақ А.Мамин орнында қалды. Осыдан соң кейбіреулер Маминге «папасының баласы» деп айдар тақса, саяси ұстамды жұрт мұны «болашақ премьер-министрдің кандидатурасы екшеліп, електен өтіп, нақты шешім қабылдауға белгілі бір уақыт керек болды» деп жорыған-ды. Міне, енді сол кесімді уақыт түгесіліп, шыдамдар шегіне жеткендей көрінеді.
Бір байқалатын жайт, өзгеріс керек екеніне Ақорданың да, Кітапхананың да көзі жете бастағандай әсер қалдырады. Елдің ертеңіне деп жиған азын-аулақ қорымыздың көмбесі ашылып, түбі көрініп жатыр. Басқаны айтпағанда, бүгін «Нұр Отанның» сайлауалды тұғырнамасы үшін Ұлттық қордан тағы 850 миллиард теңге алынатыны жария болды.
Тілшіміз ойын іркімей айтып жүрген бірді-екілі сарапшыға хабарласып, Үкімет жұмысына қатысты пікірін сұраған.
Бөріхан Нұрмұхамед:
Көп ақша шашты, бірақ нәтиже жоқ
– Үкіметке оң баға беру қиын. Оған себеп көп. Біріншіден, Асқар Мамин үкіметі көп ақша шашып жатыр. Ұлттық қордан да, зейнетақы қорынан да. Оны қалай жаратты, қайда жаратты? Нәтиже қайда? Сұрақ көп.
Бар гәп – осы қаржы мәселесінде. Қаражатты үнемдеу жоқ. Мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан пандемиямен күреске миллиардтап жұмсап жатыр. Өз басым, бұл қыруар қаржы дұрыс жаратылған жоқ деп есептеймін.
Екінші мәселе – падемиямен күрес. Рас, тәжірибеміз болмаған шығар. Бірақ денсаулық сақтау министрі қазір қамауда отыр. «СК-Фармация» басшылары істі болып жатқанын ескерсек, мұның бәрі үкіметтің іс-қимылдары дұрыс емес екенін көрсетіп тұр.
Үшіншіден, министрлердің парламентте сөйлеген сөздері, берген жауаптары үкіметтің өте әлсіз екенін, жақсы жұмыс істей алмайтынын әйгілейді. Үкімет былтыр жазда отставкаға кетуі мүмкін еді. Бірақ «Премьер-министр кім болады?» деген мәселеде тараптар ымыраға келмеген секілді. Өзін лайықты санайтын, амбициясы күшті тұлғалар бізде бар. Бірақ қазір премьерді сынақ үшін тағайындайтын кез емес.
Қазбек Бейсебаев:
Үкіметке беретін бағам – 2!
– Қазір пандемияның кесірінен экономика тұралап қалды. Көп орындар жұмыс істемей, жабық тұр. Бұл – Мамин басқаратын үкіметтің дұрыс жұмыс істемегенінің салдары. Сондықтан, қазіргі Үкіметке беретін бағам – 2! Сайлау кезінде жұртты мәжбүрлеп дауыс бергізетін, өз халқын індеттен қорғай алмайтын үкіметке басқа қандай баға беруге болады?
Парламент сайлауынан кейін премьер-министр қызметіне Асқар Маминді Елбасы қайта ұсынды. Өйткені, Назарбаев – Nur Otan партиясының жетекшісі. Егер Асқар Мамин жуық арада қызметінен кетсе, мұны екінші президенттің күш жинағаны деп бағалауға әбден болады. Алайда мұны дөп басып болжау қиын. Өйткені қазіргі жүйе түрлі қайшылыққа толы.
Айдар Әлібаев:
Маминдікі – малшашар үкімет
– Мамин басқаратын үкімет өте әлсіз болды. Денсаулық сақтау министрлігі де, санитарлық қызмет те, әкімдіктер де ұйымдастыру жағынан өте сылбыр екенін көрсетті. Ел бюджетінен коронавирусқа қарсы күреске қыруар қаражат бөлінді. Бірақ оның тиімділігі нөлге тең болды. Халық індет жұқтыруын жалғастыра берді. Тіпті, былтыр дәрі-дәрмек, медициналық маска жетіспеді. Ауруханалар мен емханалар науқасқа толды. Дәрігерлер не істерін білмей, абдырап қалды. Мұның бәрі Үкіметтің сылбырлығының салдары.
Бір өкініштісі, індеттің өршігеніне қарамастан министрліктер, әкімшіліктер болмайтын дүниеге ақша шашуды қысқартқан жоқ. Қаржыны өз қызметін насихаттауға, ешкімге керек емес бағдарламаларға бөлді. Мемлекеттік шенеуніктер халықтың қиналғанына қарамастан, ақшаны жеуді жалғастыра берді. Өздеріне ғана пайда әкелетін, халыққа тиімсіз тірлікпен айналысты.
Осы уақыт ішінде Мамин басқарған министрлер кабинеті індеттен кейінгі экономиканы дағдарыстан шығаратын тиімді бағдарлама қабылдаған жоқ. Президенттің өзі екі рет тапсырма берсе де, нәтиже шығармады. Яғни тапсырманы тиісті деңгейде орындау қолдарынан келмеді.
P.S. Тілшіміз Парламенттің бірлескен отырысы қашан өтетітін білу үшін Мәжілістің баспасөз қызметіне хабарласқан. «Қазір нақты айта алмаймыз. Мәжіліс төрағасының өкімі шығуы керек», – деді баспасөз қызметінің өкілі. Ал бізге жеткен дерекке қарағанда, жақын күндері Мамин басқаратын үкімет түгелдей отставкаға кетеді де, іле-шала өтетін Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа премьер-министрдің аты-жөні белгілі болады