Депутаттың ұлы 178 млн жымқырған жоқ, орнында отыр — ресми өкіл

0

KzNews агенттігі таратқан ақпараттан кейін редакциямызға хабарласқан Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ресми өкілі Н. Сейтжанов басқарма басшысы Асқар Сәкенұлы Қаныбековтің өз орнында отырғанын және оны ешкім ұстап әкетпегенін хабарлады.

Бүгін бірнеше қазақстандық басылым «Чиновник» телеграм каналына сілтеме жасап Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Сәкенұлы Қаныбеков пен «Континентал логистикс Шымкент» ЖШС директоры Н.Темірболатовқа және басқа да тұлғаларға қатысты 189-баптың 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелгені туралы хабар таратты.

Телеграмм-канал мәліметінше, 2020 жылдың сәуір айында жоғарыда аталған тұлғалар «агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеміс-көкөніс қоймаларын салуға бөлінген 178 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Алайда Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ресми өкілі Н. Сейтжанов басқарма басшысы Асқар Сәкенұлы Қаныбековтің аталған істе күдікті емес екенін айтты.

«Депутаттың ұлы Асқар Сәкенұлы Қаныбеков 178 млн жымқырған жоқ, орнында отыр», — деп қосты басқарма ресми өкілі Н. Сейтжанов.

Сондай-ақ, Асқар Сәкенұлы Қаныбеков Elitar.kz басылымына берген жауабында қылмыстық істің субсидия бөлу фактісіне қатысты тіркелгенін мәлімдеген.

«Мен аталған істе күдікті емеспін», — деп қосқан Асқар Қаныбеков.