Депутаттардың қоғамдық рейтингісі енгізіледі — Бауыржан Байбек

0
330
Сурет: https://365info.kz/

Nur Otan депутаттарына қоғамдық рейтинг енгізіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Nur Otan төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Facebook-тегі парақшасында фракция жұмысын күшейту үшін партия депутаттарының қоғамдық рейтингі енгізілетінін хабарлады. Партиялық тізімдерден екі мыңға жуық резервшіні, сарапшылар мен ҮЕҰ-ны тарта отырып, партияның қоғамдық кеңестерінің қызметі жүйелі түрде қайта форматталатын болады.

«1 наурызда Nur Otan партиясының құрылғанына 22 жыл толады. Осы күн қарсаңында бүкіл ел бойынша мыңнан астам белсенді қазақстандықтар, олардың ішінде азаматтық қоғам, білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, мәдениет және спорт саласының өкілдері біздің қатарымызға енді», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Ол жаңа қойылған міндеттерді ескере отырып, партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы болып қоғам қайраткері Әлия Садырбаева тағайындалғанын хабарлады. Заң саласында және қоғамдық ұйымдарда 20 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар.

Осылайша, жарғы талаптарына сәйкес партия мүшелерінің сапалық құрамын жақсарту жұмыстары жалғасатын болады. Сондай – ақ, партия жақтастары институты кеңейтілетін болады, деп нақтылады Байбек.

«Электрондық партия» жобасын жандандыру шеңберінде үкіметпен бірлесіп әрбір өңір, қала және аудан бойынша сайлау алдындағы бағдарламалар шеңберінде жол карталарын іске асыруды мониторингтеу үшін цифрлық платформа әзірленетін болады.

«Бүкіл ел бойынша 234 қоғамдық қабылдау белсенді өзара іс – қимыл форматына, оның ішінде әлеуметтік желілерге өтуі тиіс», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Партия төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, соңғы жылы Nur Otan-ға 393 мыңнан астам өтініш келіп түсті, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. 5 жыл ішінде партияға 1,2 миллион адам жүгінді, оның ішінде 423 мыңнан астамы – онлайн форматта. Оның 92 пайызы оң шешіліп, тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді, деп нақтылады Байбек.

«Nur Otan-нақты істер партиясы. Біз сайлауалды уәделеріміздің барлық деңгейде жүзеге асырылуына жүйелі бақылауды қамтамасыз етеміз. Сынақтардан өтіп, бірге жеңеміз!»- деді Бауыржан Байбек.