Депутаттар вице-премьерден Тоқаевтың тапсырмасы қалай орындалғанын сұрады

0

Экономика

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Мәжіліс депутаттары «ҚазАгро» ұлттық компаниясының тиімділігіне күмән келтіріп, оны жазылмас дертке теңеді

НҰР-СҰЛТАН, 10 ақпан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары «ҚазАгро» холдингінің тиімділігіне күмән келтірді. Олар ауыл шаруашылығын қаржылай қолдаудың басқа жүйесін ойластыру қажет деп санайды. Бұл туралы мәжілісте бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік аудитті одан әрі дамыту туралы үкімет сағатында айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Жексенбай Дүйсебаев бюджеттің миллиардтаған теңгесін тиімсіз пайдаланып, уақытылы жұмсамайтын квазимемлекеттік сектордың компанияларын сынға алды. Соның бірі — «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі.

«Соңғы төрт жыл ішінде бұл компанияға республикалық бюджеттен шамамен 473 миллиард теңге бөлінген. 2016 жылы холдинг шығындары 92,3 миллиард теңгені, 2018 жылы 126 миллиард теңгені құрады. Осы жылдары олар мемлекетке бір теңге де дивиденд төлеген жоқ», — деді ол.

Мәжілісмен президент Тоқаев өз жолдауында үкімет пен есеп комитетіне үш ай ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырғанын еске салды.

«Белгіленген үш ай уақыт өтіп кетті. Содан бері жарты жыл өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалды? Жүргізілген талдаудың қорытындылары қандай?», — деп сұрады Дүйсебаев үкімет басшысының бірінші орынбасары, қаржы министрінен Әлихан Смайыловтан.

Оның айтуынша, президенттің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, «Самұрық- Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» компанияларының жұмысына талдау жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар кемшілік анықталған.

Бірінші, инвестициялық жобалардың тиімсіздігі. Екінші, дивиденттік саясатында кемшіліктер бар. Үшінші, борыштық міндеттемелерінің өсуі байқалады.

«Біз осыған сәйкес, тиісті ұсыныстар бердік. Біріншіден, мемлекеттік холдингтердің стратегиялық жоспарлау жұмыстарын жетілдіруіміз керек және олардың көрсеткіштерін біздің мемлекеттік жоспарлау жүйесінің көрсеткіштерімен сәйкестендіру қажет. Екіншіден, олардың сатып алуларын бірыңғай заңмен қамамасыз ету керек. Біз қазір бірыңғай сатып алу туралы заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Дивидентік саясатын біз бекітуіміз қажет. Барлық квазимемлекеттік компания таза табысының кем дегенде 50 процентін мемлекеттік бюджетке аударуы тиіс», — деді Смайылов.

Тағы оқыңыз: Ыдырысова депутаттардың неге шаршап отыратынын айтып берді

Сонымен қатар, кейбір квазимемлекеттік органдардың еншілес компанияларын тікелей министрлікке беру ұсынылды. Бұл ұсыныстар желтоқсан айында президенттің әкімшілігіне енгізілген.

«ҚазАгро» холдингіне тоқталсақ. Былтыр компанияға жаңа басшылық келді. Нәтижесінде штат саны қысқарды, былтыр 800 миллион теңгедей үнемделді. Биыл тағы да «ҚазАгроның» шығындары екі миллиард теңгеге азаяды», — деп сендірді бірінші вице-премьер.

Смайыловтың жауабына Дүйсебаевтың көңілі толған жоқ. Депутаттың айтуынша, ҚазАгроның мәселесі үнемі талқыланғанмен, еш нәтиже жоқ.

«Нақты өз ойыңызды айтыңызшы. Осы холдинг ауыл шаруашылығын байытуға, оның деңгейін кеңейтуге, ары қарай жолын ашуға қажеттілігі бар ма, жоқ па?», — деп сұрады мәжілісмен.

Смайылов ауыл шаруашылығын қаржыландыратын институттар елге қажет екенін атап өтті.

«Егер біз бұл холдингті жойып тастап, тек банк секторына сүйенетін болсақ, банктер ешқашан ол жерге бармайды. Неге десеңіз, олардың талаптары өте қатал. Ал, біздің ауыл шаруашылығындағы кепілдіктер банк қоятын талаптарға сай емес. Сондықтан, ауыл шаруашылығын қолжетімді тариф бойынша қаржыландыратын мемлекеттік институттар керек», — деді ол.

Осы тұста сөзге мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева араласты. Вице-спикер де ҚазАгроның тиімділігіне күмән келтірді.

«Әлихан Асханұлы, банктер айналыса алмайды дедіңіз. ҚазАгроның тиімділігі мен нәтижесі жоқ екенін көріп отырмыз. ҚазАгро созылмалы ауру емес, меніңше, жазылмас дертке айналды», — деді ол.

Сол себепті, оның сөзінше, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдаудың басқа жүйесін ойластыру қажет.



sputniknews.kz