Депутаттар спортшыларды тестілеуден босатуды сұрап отыр

0

Спорт

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Спортта биік белестен көрінген түлектер гранттан құр қалып жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір – Sputnik. Сенат депутаттары үкіметтен халықаралық деңгейде жоғары жетістікке жеткен спортшыларды кешенді тестілеуден босатуды сұрап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаторлар депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға жолдады. Депутат Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, өнер және спорт саласындағы колледждерде оқып жүріп, биік белестерден көрінген түлектер кешенді тестілеуден сүрініп, жоғары оқу орнына грантқа түсе алмай қалады.

«Қазір еліміздегі өнер саласындағы 7 колледжде жыл сайын 600-ден астам түлек бітірсе, ал спорт саласында маман дайындайтын 5 арнайы колледжді 200-ге жуық түлек тәмамдайды. Жыл сайын түлектердің 70%-і жоғары оқу орындарына құжат тапсырады. Алайда соңғы жылдары колледж түлектерінің жоғары білім алуына белгілі бір кедергілер туындауда», — деді Бақтиярұлы сенаттың жалпы отырысында.

Мәселен, оның айтуынша, былтыр «дене шынықтыру және спорт» мамандығына бөлінген 450 грантқа 2 353 өтініш берілген, оның ішінде 1222 спортшы бар. Алайда байқау қорытындысы бойынша олардың тек 107-сі ғана білім грантына ие болыпты.

«Нәтижесінде жүздеген спортшы, әр түрлі жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі 11 спорт шебері, 50 спорт шебері және 300-ден астам спорт шеберіне үміткер мемлекеттік гранттан тыс қалды», — деді сенатор.

Гранттан құр қалғандар қатарында фристайлдан Еуропа чемпионы Аяулым Әмренова, дзюдодан әлем чемпионы Айболат Ыстыбай, каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері Иоанна Белых, қол күрестен Нәрік Динара, каратэден Азия чемпионы Гүлдана Оспанова және тағы басқалары бар.

«Құрметті Гүлшара Наушақызы, жоғарыда аталғандарды негізге ала отырып, арнайы колледждердің түлектерін өнер мен спорт саласындағы жеткен табыстарына сәйкес кешенді тестілеуден босатудың тетіктерін қарастыруыңызды сұраймыз», — деді Мұрат Бақтиярұлы.



sputniknews.kz