Депутаттар Қарағандыдағы оқиғаға байланысты Абаевқа сауал жолдады

0

Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтан Қарағандыдағы оқиғаға байланысты «кейбір ақпарат құралдарында шынайы, анық ақпарат берілуін бақылауды» сұрады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 9 қаңтарда мәжіліс отырысында Сабильянов депутаттар атынан министр Абаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Сабильянов алдымен депутаттар атынан Қарағандыда жаңа жыл мерекесі кезіндегі жанжалда қаза тапқан 23 жастағы Жансейіт Рақымжанның туыстарына көңіл айтты. Депутат құқық қорғау органдары бұл қылмысты жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын, қылмысқа қатысы бар адамдардың жазаланатынына сенетінін айтты.

«Дегенмен, бұл оқиғаға байланысты кейбір БАҚ-та түрлі мәліметтер айтылып жатыр. Біздің басты мақсатымыз, бұл саяси тұрақтылық пен қоғамдық татулықты сақтай отырып, мемлекетіміздің тәуелсіздігін тұғырлы, баянды ету. Осыған орай, сізден БАҚ-тағы аталған оқиғаға қатысты материалдардың шынайы, тексерілген және нақты болуын қамтамасыз етуіңізді сұраймыз» деді Сабильянов.

Одан кейін мәжілістің Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған депутаты Наринэ Микаелян сөйлеп, депутаттық сауалды қолдайтынын мәлімдеді.

Жаңа жыл түні Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде төбелес болып, бір адам қаза тауып, төрт адам жараланған. Барлығы сегіз адам ұсталған. Тағы бір күдікті Нарек Гурурянға халықаралық іздеу жарияланған. 6 қаңтарда Қарағандыда жүздеген адам «қылмыскерді» табуды талап еткен. Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов іздеу жұмыстары жүріп жатқанын айтқан.

7 қаңтарда интернетте Нарек Гуруян есімді адам видеоүндеу жариялап, «төбелескендер арасында болғанын, бірақ кісі өлтірмегенін айтқан».

Оқи отырыңыз: Қарағандыдағы оқиғаның хроникасы және биліктің реакциясы

8 қаңтарда Астанада өткен брифингте ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов жанжалдың ұлтаралық сипаты барын жоққа шығарған.

«Жанжал тұрмыстық сипатта өрбіген. Бір тарапта бір ғана ұлттың, екінші тарапта өзге бір ұлттың ғана өкілдері төбелесті деген жағдай болған жоқ. Біз тергеу кезінде бұл туралы айтқан жоқпыз, себебі барлығын анықтап алғымыз келді. Тергеу әлі жүргізіліп жатқандықтан, егжей-тегжейлі ақпарат бере алмаймыз» деді Сүлейменов.

Кеше Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян қазақстандық әріптесі Ғабит Байжановпен телефон арқылы сөйлесіп, Қарағандыдағы оқиғаны талқылаған. Армен Григорян «қаза болған жігіттің туыстарына көңіл айтқан». Екі елдің де Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары тұрмыстық оқиғаға ұлтаралық араздық сипат беруге болмайтынын атап өткен.

Дереккөз: Азаттық