Депутаттар мандатын тапсырып жатыр: Тоқаев Мәжілісті тарата ма?

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы, 16 наурыз күнгі халыққа жолдауында парламентті таратады деген сыбыс қоғамда тарап кетті. Осы орайда қазіргі күрделі жағдай оған алғышарттар әбден қалыптасқанын аңғартады. Әсіресе қаңтар қасіреті кезінде қалың бұқара депутаттарды өз арасынан көре алмай, көңілі қалды, деп хабарлайды kznews.kz сайты ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Сайланғандарына салыстырмалы түрде алғанда көп уақыт болмаса да (сайлау өткен 2021 жылдың 10 қаңтарында өтті), жетінші рет шақырылған Мәжілістің бүгінде төрағасы кетіп үлгеріп (Нұрлан Нығматулиннің орнын бұған дейін Президент әкімшілігін басқарған Ерлан Қошанов келді), депутаттары да жаппай өз еркімен кету жайлы өтініш жазып жатыр.

Сонымен төменгі палатадағы басым бөлігі «Аманат» (бұрынғы «Нұр Отан», «Ақ жол», «Қазақстан халық партиясы» партияларынан және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 107 депутаттың ішінен тура жаңа жылдың алдында Бекболат Тілеухан депутаттықпен қоштасуды жөн санады. Оған дейін «Ақ жол» қатарынан былтырғы қыркүйек айында Азат Сембинов депутаттықтан бас тартқаны аян.

Қаңтар қырғынынан соң жұмыс орнында бой көрсетпеген Елбасының үлкен қызы Дариға Назарбаева да ақыры Орталық сайлау комиссиясына арызын жолдап, өкілеттілігі тоқтады.

«Қазақстан халық партиясы» атауын иеленген коммунистерден мандатын тапсырған екі депутат Файзулла Каменов пен Сергей Решетников кезіндегі Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» арнайы қызметінің экс-қызметкерлері.

Енді міне әзірге соңғы болып Президент жастар кадр резервінің мүшесі Зульфия Сүлейменовамен қатар, Ассамблеядан депутат мәртебесін иеленген Владимир Тохтасунов жылы орнын суытты. Сонымен қаңтар оқиғасына бері 5 депутат Мәжілістен кетті.

«Парламентті міндетті түрде тарату керек, ол – анық. Бұл – уақыт талабы. Бұл әрі қарай халық сеніміне селкеу түсіргісі келмесе, президентке де сын. Елімізде қиын-қыстау сәт туындағанда, депутаттардың ешқайсы өзін көрсете, халықпен байланыс орната алмады. Жалпы сайлау заңына өзгерту енгізіп, партиялар мен мажоритарлы жүйе тең іске асса, онда үлкен өзгеріс болады. Отыз жыл бойғы ұрлық-қарлықты тыйсақ қане?», — дейді қоғам қайраткері Азаматхан Әміртай.