Депутаттар Болат Назарбаевқа арналған астың саяси астары бар екенін айтты

0

Мәжіліс депутаттары тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада інісіне арнап ас беруінде саяси астар бар екенін жеткізді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі XaqMedia YouTube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, ескі Қазақстан өкілдері билікке қайта келетін болса еліміз таз қалпына қайта түседі.

«Алдын ала ойластырылғандай ой қалдырып кетті. Өйткені марқұмның өзіне, ұрпағына қатысты әңгімелер айтылып қана шектелуі керек еді. Алайда кәдімгідей саяси мәселелер қозғалды. Елдің қазіргі жағдайына қатысты баға берілді. Сонымен қатар келген адамдар құрамы саяси күш екендіктерін көрсететіндей әсер қалдырды.

Екіншіден осы астың төңірегінде салафилік, уахабилік ағымға жатқызатын азаматтардың бой көрсетуі ескі Қазақстанмен
бірге екендігін көрсететіндей ой қалдырды. Сол себепті саяси астары бар жиын болды деп есептеймін. Негізі Астанада емес Алматы қаласында өткені дұрыс еді. Бұл астың БАҚ беттерінде жариялануы бір месендж жібергендей әсер қалдырды.

Олар билікке қайта келетін болса таз қалпымызға қайта түсеміз. Еуразиялық Одаққа кіргізген, жартылай бодан күйге түсірген, діни жағдайды күрделендіріп жіберген кім? Міне, осы ескі Қазақстан. Басқа ешкім де емес.

Мәдениетімізді, дінімізді, тілімізді қай жағынан алып қарасақ та үлкен күйзелістің алдында тұрған елміз. Сол жағдайлардың бәріне қайта түземіз деп есептеймін өз басым», — деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Ал депутат Ерлан Саировтың сөзінше, Болат Назарбаевқа арналған аста сөз сөйлеген экс-президент 30 жыл ішінде жасаған қателіктерін жоққа шығарды.

«Реваншистік» күштер әлі бар. Сонымен бірге кейбір саяси күштер өзінің бар екенін, еліміздің саяси-экономикалық өміріне әсер етіп жатқандығын көрсетуге де тырысады. Мысалы, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі саяси сөз болды.
Ол 30 жыл ішінде болған қателіктердің бәрін жоққа шығарды. Әрине белгілі бір деңгейде экономикалық өсім болды. Алайда халық ол экономикалық өсімді көрмеді. Оны белгілі бір олигарх топтары ғана көре алды», — деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

ақпарат, фото: Stan.kz