Депутат Тимур Елеусізов блогерлермен бірге ұсталғанын жоққа шығарды
Алматы қаласы мәслихатының депутаты әрі эколог Тимур Елеусізов блогер Дамир Көшеевпен және Руслан Каримовпен бірге ұсталмағанын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Курсивке сілтеме жасап хабарлайды.
CMN басылымында Тимур Елеусізовтің бопсалады деген күдікке ілінген блогерлермен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алайда депутаттың өзі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ол бұл мақалалардың біреудің тапсырысымен жазылғанын айтады.
Осы ретте басылымның өзі жалған ақпарат деген сөзге жауап ретінде депутаттың аудиожазбасын жариялады. Ол аудиожазбада Каримовпен бірге көшеде жүргенде ұсталғанын айтады.
Депутаттың Instagram парақшасына қарағанда, Елеусізов ұсталған блогерлермен жеке таныс болған. Өткен жылдың желтоқсан айында ол блогер Руслан Каримовпен бірге Алматыдағы полиция бөлімшелеріндегі жағдай туралы видео түсірген. Сондай-ақ ұсталған екінші блогер Дамир Көшеевпен де бірнеше видеосы бар. Олар экологиялық проблемаларды, жолдарды, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы өзекті мәселелерді көтерді.
Елеусізов блогерлермен бірге тексеріс жұмыстарын жүргізгізген соң олар оны өзімен сыбайлас еткісі келгенін айтты.
Бұған дейін ұсталған блогер Дамир Көшеевпен және Руслан Каримов туралы және олардың қандай контент түсіргені жайлы жазған едік.