депутат тілге қатысты маңызды мәселені көтерді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Бүгін мәжіліс отырысында депутат мемлекеттік тілге қатысты маңызды мәселені жариялап, үкімет басшысына сауал жолдады

НҰР-СҰЛТАН, 30 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев бірнеше облыста тілдерді дамыту басқармаларының қысқартылып, тілдерді оқыту орталықтары жабылып жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, сайлаушылармен кездескен кезде тілге қатысты бірқатар маңызды мәселе көтерілді. Бүгінде Елбасы мен президенттің мемлекеттік тілді дамытуға қатысты тапсырмаларына қарамастан әкімдіктер осы жұмыспен айналысатын құрылымдарды қысқартып жатыр.

«Тіл туралы заңның және мемлекеттік бағдарлама міндеттерін жүзеге асыру үшін облыстық және республикалық дәрежедегі әкімдіктерде тілдерді дамыту басқармалары, сондай-ақ, соларға қарасты тілдерге оқыту орталықтары құрылған болатын. Алайда қазір бірнеше облыста тілдерді дамыту басқармалары өзге басқармаларға қосылып, тілдерді оқыту орталықтары жабылып, мемлекеттік емес секторға өтіп жатыр», — деді Қаратаев.

Депутат нақты мысалдарды да келтірді. Мәселен, Ақмола мен Қызылорда облыстық тіл басқармалары ішкі саясат басқармасының құрамына кіріп кеткен. Нұр-Cұлтан қаласында тілдерді дамыту және архив басқармаларын қосып жіберген. Ал Павлодар мен Маңғыстау облыстарында мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармалары құрылған.

«Алматы қаласында басқарма мүлдем жойылып, қазіргі кезде қала әкімінің аппаратында бірнеше маман ғана жұмыс істейді. Сондай-ақ, Атырау мен Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында да тіл басқармалары мүлдем жоқ. Латын әліпби қазақ тілді ортаға енгізіледі десек, онда бұл өңірлерде тілдік реформаны жүргізу үлкен кедергілерге ұшырайды», — деп атап көрсетті Қаратаев.

Депутат тіл саясаты мәселесінде бюджет қаражатын үнемдеу орынсыз екенін жеткізді. Осыған орай, премьер-министр Асқар Маминнен тілдерді дамыту басқармалары мен тілдерді оқыту орталықтарының дербес жұмысын ұйымдастыру қажеттігін айтып, депутаттық сауал жолдады.



sputniknews.kz