Депутат қазақстандықтардан «ұят болады» деген сөзді еске түсіруді сұрады
Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында халықтың мәдени деңгейіне қатысты проблемаларды көтерді. Бұл туралы Kznews.kz /Stan.kz сайтына сілтеме жасай отырып жазады.
“Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп жағамызды ұстаған едік. Дәл жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміз, жеткен жеріміз осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік?», — деді Нұртөре Жүсіп сенаттың жалпы отырысында.
Депутатың пайымынша, бұған мәдениеттің төмендеп кетуі себеп.
«Ең алдымен тәрбие. Еліміздегі тәрбие мәселесі дұрыс емес. Отбасындағы тәрбие далада қалды. «Біреудің затын алма, тегін болса да тиіспе» деген ежелгі тыйым қайда кетті? Халқымыздың «ұят болады, жаман болады, обал болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген даналығы желге ұшқаны ма? Қазақта көргенсіз деген ұғым бар. Кез келген адам үшін өте ауыр сөз. Ақ көйлектің жағасы кірлесе, жуып кетіруге болады, ал ұлттың атына кір келсе, оны қалай кетіреміз?Тәрбиемен қатар мәдениет дұрыс болуға тиіс. Абайша айтсақ, мәдениетсіз дүние бос”-, деді сенатор өз баяндамасында.
Депутат мемлекет тарапынан халықтың мәдени деңгейін көтеруге, таным-түсінікті кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Атқарылған жұмыстардың бәрінің түпкі мақсаты – елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздейді. Десе де депутат осының бәрі жеткіліксіз екенін айтты.
«Тәуелсіздік жылдарында мемлекет мәдени деңгейімізді көтеруге, таным түсінігімізді кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмысты жүргізді. «Мәдени мұра» бағдарламасымен басталып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына дейін жалғасқан жұмыстардың барлығының да түпкі мақсаты елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздеді. Мұның бәрі дұрыс, елдің дамуы үшін қажет шаралар. Бірақ сонымен іс бітті деп отырамыз ба?», — деді сенатор.
Нұртөре Жүсіп Қазақстан халқына ортақ құндылықтар керек деген пікірде.
“Президент «Толық адам», «Адал азамат» деген идеяларды ұсынды. Бұл да құндылық. Осының бәрін кім жүйелейді? Айтылған сөз айтылған жерде қалмауы керек қой. 20 миллион қазақ еліне ортақ осындай құндылықтар жүйесі қашан жасалады? Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды”, – деді ол.
Сенатор депутаттық сауалда айтылған проблеманы шешуді көздейтін Үкіметтің тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты пысықтауды және жедел әзірлеуді ұсынды.
фото: jambylinfo.kz