Депутат қаңғы иттердің иелерін жауапкершілікке тартуды ұсынды
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында республика деңгейінде иттер мен мысықтарды асырауға, сақтауға және оларға байланысты жалпыға ортақ бірыңғай қағидаларды бекітуді, адамдардың, соның ішінде жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті органдарға пәрменді шара қабылдау үшін тапсырма беруді ұсынды.
Депутат сауалында қазіргі кезде қала, әсіресе ауыл көшелерінде бос жүрген қаңғы иттердің көптігін, олар топ-тобымен жүріп халыққа үлкен қауіп төндіретінін және жұқпалы ауруларды тарату көзі болып отырғанын айтты. Тіпті иттерге вакцина егу мәселесі де қараусыз қалған.
«Қазіргі кезде кейбір ауылдарда балалардың мектепке жаяу баруы қауіпті болып отыр. Әсіресе қыста күн ерте батып, кеш шығатын уақытта иттердің топ-тобымен жүріп, оқушыларға үрей туғызып олардың оқуға баруына кедергі болған жағдайлар да кездесіп жатыр. Оның үстіне үй жануарларын асырайтын адамдар оларды асырау және серуендету қағидаларын сақтамайды. Олар көбінесе өз иттерін адамдар көп жүретін орындарда тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз серуендетеді. Бұл жағдайды ешкім бақыламайды», — деді Бектұрғанов.
Мәжіліс депутаты ит иелерінің оларды қоғамдық және балалар ойнайтын жерлерде, спорт алаңдарында серуендету кезінде тазалықты сақтамайтынын айтты.
«Үй жануарларының жүрген жерін тазалау деген мүлдем жоқ. Бүгінде ит пен мысыққа арналған сақтау орындары жоқтың қасы. Үй жануарларын далаға қаңғытып жіберу күннен-күнге көбейіп барады. Бұл үшін олардың иелері ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Мысалы ЭЫДҰ-ға мүше елдерде үй жануарларын қаңғытып жібергені үшін 25000 еуродан басталатын айыппұл салады, кейбір жағдайда 1 жылға дейін бас бостандығынан айырады екен. Жергілікті мәслихаттардың иттер мен мысықтарды ұстап сақтауға байланысты қабылдаған қағидалары әр өңірде әртүрлі», — деді мәжілісмен,
Бектұрғанов депутаттық сауалының соңында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтан жоғарыда айтылғандарды ескере отырып республика деңгейінде иттер мен мысықтарды асырауға, сақтауға және оларға байланысты жалпыға ортақ бірыңғай біртипті қағидаларды бекітуді қарастыруды, сонымен қатар адамдардың, соның ішінде жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті органдарға пәрменді шара қабылдау үшін тапсырма беруді сұрады.
Еске сала кетсек, соңғы үш жылда елімізде иттердің шабуылынан 177 мың адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ