Депутат мұғалімдерге айыппұл салу мәселесін көтерді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына «педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес» деген ұғым енгізілді. Оған сәйкес, педагогикалық әдем нормаларын бұзғаны үшін мұғалімдерді тәртіптік жазаға тарту қарастырылған

НҰР-СҰЛТАН, 28 қараша – Sputnik. Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Дархан Мыңбай мұғалімдерге айыппұл салу мәселесін көтерді. Ондай шара «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында қарастырылып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутаттың айтуынша, заң жобасына «педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес» деген ұғым енгізілді. Осы құрылым педагогикалық әдем нормаларын бұзу фактілерін қарап, мұғалімдерді тәртіптік жазаға тартуға қатысты ұсыныс жасайды.

«Сонымен бірге, қаралып жатқан заң жобасында педагогикалық әдеп қағидаларын сақтамағаны үшін ескерту немесе 5 айлық есептік көрсеткіш (12 625 — Sputnik Қазақстан) мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілік те қаралған. Ал педагигалық әдепті бір рет бұзғаны үшін жазаның екі түрі – тәртіптік және әкімшілік жазаға тартудың қандай қажеттілігі бар?», — деп сұрады Мыңбай.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов депутаттардың ұсынысымен келісетінін жеткізді.

«Мысалы, мемлекеттік қызметті алатын болсақ, онда осындай мәселелер бойынша тек тәртіптік жаза ғана қарастырылған. Сондықтан біз депутаттармен толығымен келісеміз. Бұл еңбек кодексіне де сәйкес болуы керек. Осындай құқық бұзушылық бойынша тек бір ғана жаза болуы керек», — деді Аймағамбетов.
Ал әділет вице-министрі Наталья Пан заң бойынша тәртіпік шара да, әкімшілік жаза да бар екенін жеткізді.

Тағы оқыңыз: Мұғалімдердің жалақысы өседі: білім министрі тізімге кімдердің ілігетінін айтты

«Жаңа жобаның бүгінгі редакциясында бір ғана тәртіп бұзушылық туралы ғана айтылады. Бірақ екі жаза бар, әкімшілік немесе тәртіптік шара. Алайда олар бір-бірін алмастырмайды. Егер педагогтың әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жатса, онда ол әкімшілік жазаға тартылады. Ал этика мәселесі бұзылса, тәртіптік жаза қарастырылған», — деп атап көрсетті Пан.

Заң жобасында мұғалімдерді артық жұмысқа салатындар үшін де айыппұл қарастырылған.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, заң жобасының маңызды бір бағыты — ұстаздардың құқығын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату. Соның ішінде қағазбастылық пен тексеріс мәселесі де бар. Сол үшін нақты санкциялар қарастырылған. Енді, мұғалімдерді артық жұмысқа тартқаны үшін айыппұл салынады. Ал оның көлемі 20-120 айлық есептік көрсеткіш (50 500 – 303 000 теңге — Sputnik Қазақстан) көлемінде болады.

«Мұғалімді жұмысқа тартқан мектептің басшысы, әкімдік пен облыстық білім басқармасының өкілі, басқа мемлекеттік емес және мемлекеттік ұйым өкілі болуы мүмкін. Кім болса да, осындай айыппұл салу шарасы қолданылатын болады», — деді Аймағамбетов журналистерге берген сұқбатында.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде мұғалімдер мектеп басшылығынан қорықпайды. Педагогтар тарапынан осы мәселеге қатысты арыз-шағымдар түсіп жатыр. Алдағы уақытта жаңа заңның нақты нормасына сүйенуге болады.

Тағы оқыңыз: Білім министрі мұғалімдердің үрейін тудырған мәселеге жауап берді

«Бас кезінде осы құжатта «мұғалімдер қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуға міндетті» деген тағы бір норма болған. Иә, оны әрқалай түсіндіруге болады. Лауазымды тұлғалар «қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысу қажет» деген желеумен мұғалімдерді артық жұмысқа тартуы мүмкін. Сондықтан біз осы норманы алып тастадық», — деп атап көрсетті Аймағамбетов.



sputniknews.kz