Депутат Дәулет Мұқаев баспана алатын мүгедек жандарға талаптарды жеңілдетуді ұсынды

0

 Арнайы бағдарламалар аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пәтер алу қиын болып тұр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев айтты. Бұл туралы Kznews.kz  ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Қазіргі кезде Қазақстанда тұратын 711 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның 420 мыңы еңбекке қабілетті болса (58%), 187,5 мыңы – зейнет жаста (26,3%) және 104,3 мыңы 18 жасқа толмаған (14,6%). Бұл азаматтарға мемлекет жағынан қажет деңгейде қолдау көрсетілмей келеді. Ашығын айтқанда, жеке баспанасын аңсап жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың саны жетерлік. Мемлекеттен баспана алуға арналған арнайы бағдарламалар қабылданғанымен, іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пәтер алу қиын болып тұр. Негізгі мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылмауы. Екінші деңгейлі банкте олар төлем қабілеттілігін растай алмай жатыр. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана ипотекасын рәсімдеуге қол байлау болып отыр», — деді Дәулет Мұқаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, олардың басым бөлігі үйден болса да жұмыс істеп нәпәқасын тауып отыр. Еліміздегі әрбір 5-ші мүмкіндігі шектеулі жан ресми түрде жұмыс істейді. Бірақ көбі зейнетақы жарнасын аудара алмайды.

«Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекеттік бағдарлама талаптарын қайта қарау қажет. Яғни, ипотека рәсімдеуде жеңілдетілген ұсынымдар енгізілуі керек. Табыс көзін растағанда зейнетақы аударымдары емес, екінші деңгейлі банктердегі кейінгі 6 айдағы түсімдердің жиынтығын көрсетсе жеткілікті деп санаймын. Екіншіден, банктердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға тәуекелі жоғары топ ретінде қарамауы мәселесіне ерекше назар аудару қажет», — деді депутат.