«Депутат болғым келмейді, маған халық пен билік арасындағы көпір болған тиімді» – Дәулет Мұқаев

0
36
Фото azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды

«Адырна» ұлттық порталының «Таразы» бағдарламасында кезекті қонағымыз — «Аманат» партиясының саяси кеңес мүшесі, мотиватор Дәулет Мұқаев.

— Дәулет, жақында «Аманат» партиясының саяси кеңесіне мүшелікке өттіңіз. Құтты болсын! Қазір қоғамда адамдардың бір тобы сіздің партияға өткеніңізді жылы қабылдаса, енді біреулері «Адалды» сатып кетті» деп сынап жатыр. Осыған не дейсіз? Сіздің негізгі мақсат-міндетіңіз қандай?

— «Адал» партиясы оппозициялық бағыттағы партия болған жоқ. Біз осыған дейін де мемлекетпен етене жұмыс жасап, өзіміздің ұсынысымызды айтып келдік. Мәселен, минималды жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеру, студенттердің стипендиясын көбейту сияқты бастамаларды көтердік. Қарап отырсақ, 2022 жылы елімізде минималды жалақы 60 мың теңге болды. Негізі бұл бастама біздің «Адал» партиясының сайлауалды бағдарламасында еді. Осы жерде менің ішім ашитыны, сен ұсыныстарыңды айтасың, ал ол басқа партияның атынан жасалады. Мысалы, біздің әлгі ойымыз «Нұр Отанның» атынан жасалды. Сол сияқты «Ақ жол» партиясы да бизнеске қатысты ұсыныстар білдірді. Оны да біз сайлау алдында айтқан болатынбыз.

Шындығында, билік партиясы болмаған кезде бізбен ешкім санаспады, «ұтылдыңдар ғой» деген сияқты көзқарас болды. Ал енді «Адал» мен «Аманат» партиялары қосылды, міне, оң өзгерістер болып жатыр. Сондықтан алда Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесімізді қосуымыз керек. Әрине, саяси кеңес мүшесі болдым, бәрін төңкеріп тастаймын демеймін. Бірақ халық пен билік арасындағы көпірді нығайтуға бар күшімді саламын. Менің мақсатым — осы. Негізі проблема бар ма, оны айтып, жеткізу керек. Мәселе қалай да шешілуі керек. Егер ол шешілмесе, қордаланып, ақырында биылғыдай халық митингке шығады, не болмаса, айқай шығаруы мүмкін. Кейде адамдар қатты сөгіп, әңгіме айтып жатады, меніңше, бұл керісінше, бізге берілген мүмкіндік. Қазір менің оқырмандарым мені қолдап жатыр. Тіпті, көпшілік мені мемлекеттік қызметкер етіп қояды. Өзім мемлекеттік қызметке қатты қызықпаймын. Шекара, рамка өте көп. Айтатынымды айтып, жеткізген ұнайды. Мінезім де сондай: патыр-пұтыр. Сондықтан бәрі уақыттың еншісінде. «Аманатқа» кіріп, бәрін төңкеріп, қопарамын деп айта алмаймын, өзімнің шамам келгенше халықты сауаттандырып, қаржылық, білім саласына бағыттаймын, жасап жүрген дүниелерімді жалғастыра беремін.

— Депутат болу ойыңызда жоқ па?

— Әлеуметтік желілерде кеңес мүшесіне кіре алмай қалғандардың менің мүше болғаныма басқаша көзқараспен қарап жатқандарын аңғарамын. Жалпы, менде депутат болуға аса қызығушылық жоқ. Менің қызығушылығым — халық пен билік арасына көпір болу. «Адал» партиясында жүрген кезде де бизнеске бағыт, кәсіпті қалыптастыру жағын қолға алған болатынмын. Себебі кәсіпкер ортаны көбейтсек, адам өзі күн көре алады. Менің миссиям – «Әрекетке – берекет», «Тірі адам тіршілігін жасау керек» деген бағыт-бағдар. Депутат болған жақсы, бір жерде сыйлы боласыз. Кейде жаман атты да боласыз. Бірақ бір айлыққа қарап отыру өте қиын. Мен қазір әлеуметтік желі арқылы ғана белсенді емеспін, өз сабақтарым, шеберлік сыныптарым, жарнамаларым бар, тіпті, 2-3 құрылыс компаниясының бренд амбассадорымын. Жарнамамен табыс тауып отырмын.

Мемлекеттік қызметте ешқандай тәжірибе жоқ, бір жағынан, 550 мың теңгеге қарап қалғым келмейді. Мен қазір инстаграм желісі арқылы айына жарнаманың арқасында бір миллион теңге табамын. Сондықтан депутат болудан гөрі, елді оқыту, кәсіпке бағыттау, баулу, мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді халыққа жеткізу, бір сөзбен айтқанда, екі ортада көпір болу тиімді. Ал енді «Аманат» партиясына келсек, біз мықты көпір орнаттық, кез келген жерге барып, мәселені көтеріп, жазып жатырмыз.

Менің ойымша, депутат болсаң көп нәрсеге қол байланып қалады. Екінші жағынан, көп адамға оңбаған болып көрінесіз. Сол себепті депутат болғым келмейді. Негізі мен бір орында отыра алмайтын адаммын. Бір орында отыру қиын маған. Жыбырлап қалған адаммын. Кеше «Аманаттың» сьезінде ұйқым келіп кетті. Содан жаңалықтарды көрген оқырмандарым «Ұйқыңыз келіп отыр ғой» деп жазып жатыр. Кресло адамның ұйқысын келтіреді екен. Жалпы, маған мазасыз орта ұнайды. Бала кезде де атаммен бірге автобусқа отырсам, бір орнымда отыра алмайтынмын. Әрбір аялдама сайын орын ауыстыра беретінмін. Студент кезімде де мұғалімім 10-15 минут сайын орын ауыстыруға рұқсат беретін. Сонда 90 минут лекцияда 3-4 жерге отырып шығатынмын. Мектепте де мен жыбырлақ болдым. Бірақ тәртібім өте жақсы болды.

— 20-30 жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?

— Өмірде кез келген адамның өз миссиясы, құндылығы болу керек. «Мен не істеп жүрмін?» деген ой болуы керек. Болашақта өзімнің мектебім болып, сол жерде елін сүйетін, ұлтжанды, қазаққа жаны ашитын, мемлекетімізді көркейткісі келетін жастарды тәрбиелегім келеді.

Міне, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, біз, тәуелсіздік құрдастары, дұрыс бағытты ұстануымыз керек. Мен отбасында екі бала тәбиелеп отырмын. 20 жылдан кейін олар да жалындаған жас болады. Сол кезде олар гүлденген Қазақстанда өмір сүріп, жаңа дүние жасайтындай болуға тиіс. Олардың болашағы үшін біз бүгіннен мықты мектептер салуымыз керек. Ертеңгі күні сапасыз ғимараттар салсақ, болашақ ұрпағымыз қалай білім алады? Егер елде жемқорлар көбейсе, болашақ жастарымыз қалай патриот болып өседі? Сондықтан біз ұлтжандылыққа көбірек мән берсек екен деймін.

Қазақ біз аз халықпыз. Сондықтан біздің ауызбіршілігіміз, бірлігіміз өте маңызды. Мен шет елдерде көп болдым. Сол кезде аңғарғаным, өзге ұлттар тату тұрады, ешқандай агрессия жоқ. Мәселен, бір Стамбулда 20 миллион түрік тұрады. Олар тату өмір сүріп жатыр. Ал біздің 19 миллион халқымыз үлкен территорияда шашылып жатқанымызбен, бөлінуге құштармыз. Мысалы, халықты жүзге, руға, қазақша немес орысша оқығандар, намаз оқиды, оқымайды деп топ-топқа бөлеміз. Қазақта: «Бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз бар.   Сол үшін бөлінбеуге тиіспіз. Биылғы қаңтар оқиғасы бізді бір сілкіп алды. Ресей мен Украина соғысы бізге сигнал болды. Енді өз ішімізден бөлінсек, «Іштен шыққан жау – жаман» демекші, шынында да жаман болады. Өзім қазақ қазақты даттағанға қарсымын. Біз елге, қазаққа болсын деп жүрміз. Бұрын бойдақ кезде басқаша ойлайтын едім, ал қазір бала-шағалы болған соң, көзқарас өзгерді. Ұрпағыма не қалады деп ойланады екенсің. Сондықтан әр азаматта «Мен елімнен не аламын деп емес, еліме не беремін» деген ой болса екен деймін.

— Қазіргі таңда ұлттық бірлік өте маңызды. Шынын айту керек, қазір қазақтардың бір тобы Украинаны қолдаса, енді біреулері Ресейді қолдап жатыр. Сіз кімді қолдайсыз?

— Мен Қазақстан деген тәуелсіз елде өмір сүргеніме қуанамын. Егер мен 1930-жылдары өмір сүргенімде, Ахмет аталарымыз сияқты репрессияға ұшырап кетер ме едім деп ойлаймын. Жалпы, Украинаны қолдаймын. Егер де Украина 4-5 күнде Ресейге беріліп қойғанда, оның қасіреті бізге келер еді. Екеуінің соғысқаны дұрыс емес. Екеуі ағайынды халық қой. Біздің қазақ пен қырғыз сияқты. Бір туған. Славян халықтар өз-өзімен қырылысып жатқанда орыстардың қазақты аяй қоюы екіталай. Аталарымыз кезінде «Орыспен дос болсаң, айбалтаң қасыңда болсын» деп дұрыс айтқан.

— Дәулеттің балалық шағы туралы білгіміз келеді. Ата-анаңыз туралы айтып берсеңіз? 

— Отбасында бізді анамыз «Әкең келе жатыр» деп тәрбиеледі. Тәртіпті болуға тырыстық. Қарындасым екеуміз әкеміздің қас-қабағына қарап өстік. Арамыз 9 жас. Қарындасым  дүниеге келгенге дейін анам мені ерекше мәпелеп өсірді. Мектепке, кітапханаға өзі ертіп апаратын. Әкем түзде, еңбекте жүретін. Мен 4-сыныптан бастап еңбекке ерте араластым. Аулада бірге ойнайтын балалардың математикасын жазып беретінмін. Сол кезде күніне 600 теңге ақша табатынмын. Математика, сауаттылық деген ұғымдарды түсіне бастадым. Әкем маған адал еңбекпен мал табуды үйретті, әлі де соны өнеге етіп айтып отырады. Жалпы, маған отбасымда жақын адамдардың көзқарасы ерекше болды. Оған маған үлкен үміт, сенім артты, содан болу керек, мен де олардың сенімін ақтауға тырыстым. Жар таңдағанда да, ата-анам араласқан жоқ.

Меніңше, отбасында ата-ана балаға еркіндік беруі керек. Ал өтпелі кезеңдерге ер баланың тәртібіне ерекше қарау қажет. Қазір мен соны ұлыма үйретіп жүрмін. Үйде қаталмын. Тәртіпті дұрыс көремін.

— Біз экономикаға көбірек тереңдеп, ұлттық тәрбие мәселесін ұмытып кеткен жоқпыз ба? Қалай ойлайсыз?

— Рас, нарықтық экономикада біздің балаларымызды балабақша тәрбиелеп жатыр. Себебі қазір барлық отбасыда несие бар, ата-аналар жұмыс жасайды. Өкінішке қарай, баланы көп жағдайда қоғам тәрбиелеп жатыр. Меніңше, балаға ата-ана көбірек көңіл бөлгені дұрыс. Мысалы, мен Түркияда болған кезімде, о жақта ер адамдар еденді, ыдыс-аяқты жуып жүре береді екен. Содан мен біреуінен: «Әйелдеріңіз қайда?» деп сұрадым. Олар әйелдері отбасында балаларды тәрбиелеп отырғанын айтты. Біз де сол деңгейге жетсек екен дейміз. Соңғы кезде гендерлік саясат деп те әйелдерді күшейтіп алдық қой. Тіпті, әйелдерге қарағанда ер азаматтарымыз әлсіреп барады. Қазіргі таңда елімізде такси жүргізуші, құрылысшы, краншы әйелдер саны көбейген. Меніңше, әйел адам нәзік болуы керек. Мен көбіне сыртта жүремін. Сол себепті әйеліме: «Сен карьера қумашы. Табыс жетеді, Аллаға шүкір. Балалардың тәрбиесі кенжелеп қалмасыншы» деймін.

Ана үйде отырып, балаға әкенің мықтылығын көрсетуі керек. Отбасында әкенің орнын, дәрежесін өсіріп отыруға тиіс. Қазір қоғамда ер адамдардың абыройын түсіретін әйелдер көбейіп кетті. Тіпті, содан ажырасулар да көп болып жатыр. Бала тәрбиесінде әкенің де, шешенің де орны тепе-тең болуы керек. Біздің түпсанамызда әкенің орны қашан да бөлек қой. Егер балаларымыз әкесін көрмесе, олардың тәрбиесін алмаса, бала толыққанды дамымайды. Әкенің дәрежесін көтеретін ол — біздің әйеліміз.

— Жастарға үгіт-насихат ретінде айта кетсеңіз, бүгінгі жетістікке қалай жеттіңіз?

— Қандай жетістік болсын, артында үлкен еңбек, ізденіс тұрады. Мен кезінде кітапханада отырғанда, айналамдағы замандастарым клубта жүрді, мен білім алып ұйықтамай отырған түндері біреулер ұйықтап жатты. Сондықтан менің түсінігімде кез келген адам әрекет етуі керек. Қазіргі нарық заманында біз ақша табуға үйренуіміз керек, коммунизмде өмір сүріп жатқан жоқпыз. Біреуден бір нәрсе күтпеуіміз керек. Әрбір адамда ішкі жану процесі жүруі керек. Мәселен, баспана алғыңыз келсе, құлшынып, соған тырысуыңыз керек, шетелге бару үшін соған талпынуға тиіссіз. Мәселен, Қазақстанда тұрғындардың 7 пайызы ғана шетел көрген екен. Бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан адамның ниеті, мақсаты айқын,  өзіне деген сенімі мығым болуы керек.

Мені әр күн сайын құлшындыратын мотивация, ол — «Жалқаулық Жаратқанға ұнамайды» деген қағида. Егер біз бақытты болғымыз келсе, терлеп, еңбек ету керекпіз. Бүгінгі күн — ертеңгі тарих. Сол үшін қазіргі сәттен рахат алып, бар мүмкіндікті құр жіберіп алмауымыз керек. Менің жастарға айтарым — осы.

— Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан: Арман Әубәкір