Депутат Бекболат Тілеухан аталық және аналық ұрық базасы мәселесін көтерді
Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан бір әкеден тараған жандардың бір-бірне үйленуінің алдын алу үшін аталық және аналық ұрықтың жалғыз бір ғана базасы болуы керектігін айтты. Енді заңды сұрақ туындайды. Депутат Тілеуханның халық пен ел арасындағы ең маңызды мәселелерді қайырып қойып экодонор мәселесін көтеруі қаншалықты дұрыс?
Депутат осыдан бұрын да елдегі саяси дағдарыс, жаппай жұмыссыздық, баспананың жоқтығы, азық-түлік пен жанармайдың қымбаттауы, тіл мен жер тағдыры сынды маңызды мәселелерді қайырып қойып наурыз айында өтіп кеткен феминистер шеруі туралы сұрақ жолдаған болатын.
«Ата-бабаларымыз салт-дəстүрді берік ұстанып, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Жалпы алғанда, қан мәселесіне қай заманда да немқұрайлы қарамаған. Тіпті, арғы атасын білмегенді «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп сөккен. Осы орайда экодонор мәселесін көтермекпін», — деп тоқталды депутат Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.
«Дені сау, дене бітімі қалыпты дамыған, генетикалық сараптамасы жақсы болса аталық ұрығын тапсыра алады. Қанша рет тапсырасыз өз еркіңіз. Шектеу жоқ. Анкетада жүзі, руы, бойы, салмағы, мамандығы көрсетіледі, болды. Кейіннен, каталогтан көңіліне қонған адамды таңдап алады. Статистикаға сенсек, жыл сайын тек бір клиникада дәл осы жолмен 70 бала дүниеге келеді екен. Бұл – ертең еліміздің түкпір-түкпіріндегі қаншама отбасында бір әкеден тарайтын біраз ұл-қыз бойжетіп, ержетіп шығады деген сөз. Одан көп болуы да мүмкін. Олар білместіктен бір-біріне үйленуі мүмкін. Бір әкеден тараған жандардың бір-бірне үйленуінің алдын алу үшін, ауру балалардың санын азайту үшін бұл мәселе өте маңызды деп ойлаймыз», — деді Б. Тілеухан.
Осы орайда ол болашақ ұрпақтың денсаулығын және тексіздіктен сақтау мақсатында тиісті ұсыныстар жасады.
«Қазақстан бойынша аталық және аналық ұрықтың жалғыз бір ғана базасы болуы керек. Донорлар да тек сол орталыққа тапсырып, барлығы тек сол орталықтан ғана алып отыруды жүйелеу қажет. Екіншіден, бір реттен артық донор болуға рұқсат етпеу керек. Бір донордың ұрығын екі адамнан артыққа қолданбауды, барынша ашықтықты сақтауды қатаң түрде реттеуді ұсынамын», — деді Бекболат Тілеухан.