денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендер туралы мәлімет берді

0
77

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Арыстағы жарылыстан кейін 165 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінді

НҰР-СҰЛТАН, 25 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыста зардап шеккендерге қатысты соңғы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Барлығы 165 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың ішінде 76 адамға амбулаториялық көмек көрсетілді. 89 пациент стационарлық емге жатқызылды. Жансақтау бөлімдерінде 15 науқас «политравма» диагнозымен ем қабылдауда», – деді Біртанов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Минстрдің айтуынша, пациенттердің басым бөлігі Шымкент қаласындағы ауруханаларда жатыр. Ал кейбір адамдар Түркістан облысының аудан орталықтарында емделуде.

Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылыс: Асқар Мамин қаза тапқан екі адамның отбасына көңіл айтты

«Медициналық көмек көрсету үшін жалпы 22 жедел медициналық бригада жұмылдырылған. Олардың ішінде 4 бригада Жамбыл облысынан жіберілген. Күнде 12 бригада дайындықта отыр. Сонымен қатар, екі санитарлық тікұшақ дайын тұр. Жалпы, Алматы қаласынан көмек көрсету үшін екі мультидисциплинарлық команда жіберілді. Олардың арасында реаниматологтар, травмотологтар, балалар нейрохирургтары бар. Олар бір операция жасады. Қазір реанимацияда екі бала жатыр. Оларға қажетті көмек көрсетілген», – деп мәлімет берді Біртанов.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 9.30 кезінде Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылды. Әскери бөлімдегі жарылыстан кейін Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды.

Тағы оқыңыз: «Қайтеміз, ел болған соң, солай болады»: Тоқаев Арыс тұрғындарымен кездесті

Төтенше оқиғадан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер органдары жағдайды өз бақылауына алды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласына барып, жарылыстан қираған тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарын аралады. Сонымен бірге президент эвакуация бекетінде тұрғындармен кездесіп, қаланы қалпына келтіруге қажетті қаражат бөлуге, барлық тиісті көмекті көрсетуге уәде берді. Мемлекет басшысы жарылысқа кінәлілердің заң жүзінде қатаң жазаланатынын айтты.



sputniknews.kz