Денсаулық сақтау министрлігі Талғар ауруханасында дәрігерлердің соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді
Денсаулық сақтау министрлігі Талғар аудандық орталық ауруханасында дәрігерлердің соққыға жығылуына қатысты пікір білдіріп, әділ құқықтық бағалауды талап етті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік хабарламасында пациент туыстарының шабуылы салдарынан реаниматолог пен мейіргердің ауыр жарақат алғаны айтылған.
“Осы құқыққа қайшы әрекеттерге құқық қорғау органдарының тарапынан сәйкес баға берілуі, шабуыл жасаған адамдар заңның барлық талаптары бойынша жазалануы тиіс. Дәрігерлерге жасалған мұндай қаскүнемдік шабуылдар, ауыр пациенттерге медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымның қызметіне араласуға мүлдем жол берілмейді және адамгершілікке жатпайды”, – деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінде пациенттер мен дәрігерлердің қауіпсіздігі, науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жағдай жасау әрқашан алдыңғы қатарда тұратынын мәлімдеді.
“Басым міндет – зардап шеккен дәрігердің және басқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, барлық күш-жігерді зардап шеккен медицина қызметкерлерінің өмірі үшін күреске бағыттау, ал медициналық ұйым басқа шұғыл пациенттерге көмек көрсету үшін қауіпсіз жағдай жасау болып табылады. Әріптестеріміздің тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз!
Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде оларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері жасалған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау, қауіпсіздік және мәртебесін нығайту бастамасын көтереді. Заңнамаға енгізілген өзгерістер Парламент Мәжілісінде қаралады және жақын арада бекітіледі деп үміттенеміз”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Талғардағы ауруханада көз жұмған науқастың туыстары дәрігерлерді соққыға жыққаны туралы хабарлаған едік. Талғар аудандық орталық ауруханасы әкімшілігінің мәліметінше, әкесінің қайтыс болғанын білген ұлдары дәрігерлерді аяусыз ұрып-соғып, марқұмның денесін ұрлап күшпен алып кеткен.