Денсаулық сақтау министрі Зайсандағы халықтың не себепті көшеге шыққанын түсіндірді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Біртанов жергілікті тұрғындар «Қытай азаматтарын карантинге алып келейін деп жатыр» деген жалған ақпаратқа сеніп қалғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында болған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Зайсан ауданында түсірілген видео тараған болатын. Жергілікті тұрғындар аурухананың кереуеттері мен төсек орнын далаға шығарып жатыр. Осылайша, халық «ауруханаға Қытай азаматтарын жатқызады» деген әңгімеге наразылық білдірген. Ондай хабарламалар месенджер арқылы тарап кеткен.

Бүгін астанада өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрі Зайсан ауданында болған жағдайға түсініктеме берді.

«Кеше Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Сарытерек және Айнабұлақ ауылдарында біршама толқу болды. Жергілікті тұрғындар «Қытай Халық Республикасының азаматтарын карантинге алып келейін деп жатыр» деген жалған ақпаратқа сеніп қалды. Содан адамдар көшеге шығып, өз талаптарын қойды», — дейді Біртанов.

Оның айтуынша, бүгінде жолаушылар тасымалы үшін шекара жабық. Бірақ Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының шекара аймағында сауда жасайтын азаматтар бар. Олар екі жаққа қатынып, тауар тасып жүреді. Басым бөлігі – Қазақстан азаматтары.

«Қазір кейбір саудагерлер Қытай жаққа өтіп кеткен. Енді қайтып келейін деп жатыр. Олар елге келгесін, қажетті қауіпсіздік шараларынан өтуі тиіс. Сол себепті біз денсаулық басқармаларына тиісті нұсқауларды беріп жатырмыз. Бұның бәрі өз азаматтармызға және келісімшартпен жұмыс істейтін Қытай азаматтарына қатысты. Бұл – ұжымдық қауіпсіздік шаралары», — деп түсіндірді Біртанов.

Министрдің сөзіне қарағанда, коронавирустың алдын алу аясында бөлек стационарлар жасақталып жатыр. Соның біреуі Зайсан ауданында орналасқан. Ол жерде 20 жатын орын бар. Бұның бәрі шекарадан бері қарай өткен адамдар карантинге жатқызу үшін керек.

Даниал Ахметов Зайсанға келді: қазір онда не болып жатыр 

Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бүгін Зайсан ауданына ат басын бұрды.

Ерекше режим енгізілді

Бүгіннен бастап Қазақстанда коронавирустың алдын алуға байланысты ерекше режим енгізіліп отыр. Оған сәйкес, жаңа инфекцияға шалдығу қаупі бар мемлекеттерден келетіндердің бәрі бақылауға алынады. Ондай азаматтарды үш топқа бөліп тіркейді.

Бірінші топқа Қытай Халық Республикасынан келетін адамдар кіреді. Олардың бәрін 14 күнге карантинге жатқызады. Ал екі апталық карантиннен кейін дәрігерлер оларды тағы он күндей үйде қарап жүреді.

Екінші топқа коронавирусқа шалдығудың 10-нан астам жағдайы тіркелген елдер кіреді. Осы санаттағы мемлекеттерден Қазақстанға келген азаматтар бірден үйдегі карантинге отырғызылады. Дәрігерлер оларды екі аптадай бақылайды, одан кейін он күндей телефон арқылы хабарласып тұрады.

Үшінші топ – ол коронавирустың 10-нан кем жағдайы тіркелген мемлекеттер. Ондай елдерден келген азаматтар тұрғылықты жері бойынша бақылауға алынады. Дәрігерлер 24 күн бойы оларға хабарласып, денсаулығын біліп отырады.

Осы режимді бұзғаны үшін әкімшілік жаза, яғни мемлекеттік органдардың талабын орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Талапты орындамағандарға айыппұл салынады.



sputniknews.kz