Денсаулық сақтау министрі коронавирустан өздігінен жазылатындар туралы айтты

0

Ауру белгілері жоқ науқастардың 70 проценті өздігінен жазылып кетеді. Оларда симптомдар мүлдем болмайды

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустан өздігінен жазылатын адамдар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 12 мың адамнан асты. Министрдің айтуынша, барлық науқастың 77 процентінде ауру белгілері жоқ, инфекцияның бар-жоғы мүлдем сезілмейді. 1 проценті ауыр жағдайда болса, 20 проценті коронавирустың орташа және жеңіл түрімен ауырады.

COVID-2019: Біртанов қайтыс болған 37 адамның неге есепке алынбағанын түсіндірді  

«Бас кезінде әлем бойынша өте консервативті тактика болды. Барлығын инфекциялық ауруханаға немесе карантиндік нысандарға жатқызатын. Қазір нақты ақпарат бар. Оған сәйкес, ауру белгілері жоқ науқастардың 70 проценті өздігінен жазылып кетеді. Оларда симптомдар мүлдем болмайды. Ал қалған 30 процентінде уақыт өте келе, аурудың белгілері шыға бастайды. Біздің негізгі міндетіміз – дәл осы науқастарды дер кезінде анықтау және емдеу», — деді Біртанов бүгінгі онлайн брифингте.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін республика бойынша 12 067 науқас тіркелген. Олардың ішінде 6 469 адам коронавирустан жазылып шықты. 48 науқас қайтыс болды. Бұдан бөлек, 37 адам басқа аурудан қайтыс болса да, олардың ағзасынан коронавирус инфекциясы табылды. Бірақ оларды есепке алған жоқ. Себебі өлімге ілеспе ауру себеп болған.



sputniknews.kz