Денсаулық министрлігі Қарағандыда кімдер коронавирус жұқтырғанын айтып берді 

0

Соңғы мәлімет бойынша Алматы қаласында жиырма екі адам, Қарағандыда екі, Нұр-Сұлтанда жиырма бес адамда коронавирус анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 19 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандар туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, соңғы мәлімет бойынша тағы бес адамда коронавирус анықталды.

«Екеуі – Қарағанды қаласында. Олар — 1972 және 1971 жылы туған Қазақстан азаматтары. Екеуі де 0324 рейсімен «Минск-Қарағанды» ұшағымен келген болатын», — деді Ахметшәріп онлайн брифингте. 

Бұдан бөлек, Алматы қаласы бойынша тағы үш адам тіркеліп отыр. Біреуі — Берлин қаласынан ұшып келген 1979 жылы туған әйел. Екіншісі Франциядан келген 1997 жылы туған ер адам. Сондай-ақ, 1982 жылғы әйел бар. Барлығының денсаулығы жақсы.

«Осы сағатта Алматы қаласы бойынша 22 адам, Қарағандыда 2 адам, Нұр-Сұлтанда – 25 адам. Барлығы республика бойынша 49 науқас тіркеліп отыр. Қайтыс болғандар жоқ», — деді Ахметшәріп.



sputniknews.kz