Денсаулық министрі өзінің дәрігерлік қателікті қалай жасағанын айтып берді
Қысқа сілтеме алу
Елжан Біртанов дәрігер болып істегенде екі рет қуғынға ұшырағанын еске түсірді. Министр істердің нақты не үшін тергеуге алынғанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 27 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлік қателік үшін жауапқа тарту мәселесі бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Мен өзім дәрігер болып істегенде екі рет іс қозғалды. Ондайда ешқайда кетпеу туралы қолхаттың өзі жеткілікті деп ойлаймын. Сонда адам адвокаттармен, сарапшылармен жұмыс істей алады. Жұмысты жалғастырып, отбасыны асырауға мүмкіндік болады», — деді Біртанов журналистерге берген сұқбатында.
Осы орайда тілшілер министрдің нақты не үшін тергеуге алынғанын сұрады. Оның айтуынша, екі іс те жүктелген міндеттердің тиісті деңгейде орындалмауына байланысты қозғалған.
«Мен реаниматолог болдым. Өкінішке қарай, ондайда адам өлімі болады. Менде де бір оқиға болды. Науқастың туыстары менің үстімнен шағым түсірген. Тергеу кезінде кінәм дәлелденген жоқ. Медициналық көмек толығымен көрсетілді деген қорытынды жасалды», — деді Біртанов.
Тағы оқыңыз: Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін бас дәрігер босап шықты
Министрдің айтуынша, дәрігерлер үнемі адам өмірі үшін күреседі. Ондайда өлімнің қаупі бар екенін түсіну керек. Ал дәрігерлердің үстінен шағым түсіре берсе, олардың жұмысқа деген ынтасы төмендейді. Осы салаға келетін мамандардың саны да азаяды.
Мәселен, жақында акушерлік және гинекология институтының бір акушер-гинекологына қатысты соттың шешімі шықты. Оның мамандары жағдайы ауыр науқастарды қабылдап қана қоймай, еліміздегі барлық акушер-гинекологтарды оқытады. Аудандарға барып, шеберлік сағаттарын өткізеді.
«Акушер-гинеколог бір келіншекке ота жасаған. Артынан оның жағдай асқынып кетті. Абырой болғанда, ол келіншек жазылып шықты. Бірақ ұзақ емделгеннен кейін акушер-гинекологты сотқа берді. Оның бостандығын бір жарым жылға шектеді. Бір жыл өз қызметімен айналыса алмайды. Яғни дәрігер табыстан қағылды, отбасын асыра алмайды. Оған қоса, шағым түсірген адам өтемақы талап етіп отыр. Ал институт мамандары енді ауданға шығып, басқаларды үйреткісі келмейді. Міне, нәтижесі осы», — дейді Біртанов.
sputniknews.kz