Денсаулық министрі мектептерді дәстүрлі форматқа ауыстыру туралы айтты
Бұған дейін премьер-министр Асқар Мамин мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мектептерді дәстүрлі штаттық режимге ауыстыру мәселесі қаралып жатқанын айтқан
Денсаулық сақтау министрлігі білім министрлігімен бірге екінші тоқсанның қандай форматта өтетінін талқылап жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Онлайн баспасөз мәслихатында журналистер Цойдан оқушылар дәстүрлі оқыту форматына қашан оралатынын сұрады.
«Біз қазір бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Сіздер көріп отырсыздар, өңірлерде вирус жұқтырған балалар анықталуда. Оффлайн режимде оқитындар қашықтан білім алатындарға қарағанда індетке жиі шалдығады. Бізде білім министрлігімен осындай сыныптарды оқытуға мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдер бар. Екінші тоқсан қандай форматта өтетінін әлі талқылап жатырмыз», – деді министр.
Бұған дейін премьер-министр Асқар Мамин мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мектептерді дәстүрлі штаттық режимге ауыстыру мәселесі қаралып жатқанын айтқан еді.
Айта кетейік, 14 қазанда денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният қазір республикада 184 оқушы коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Оның ішінде 73 бала кезекші сыныптарда оқыған.