Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қайта тергеуге жіберілмейтін болды — новости Казахстана
Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты сотқа дейінгі тыңдалым барысында судья Кеңшілік Әбділдинов істі қайта қарауды қанағаттандырусыз қалдырды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Денистің анасы Оксана Теннің қорғаушысы істі қайта қарауға жіберуге өтініш білдірген болатын.
«Сот қатысушылардың пікір-өтініштерін ескере отырып, қаулы етеді. Қорғаушы Өстеміровтың істі прокурорға қайтару туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылсын. Сот қазіргі уақытта істі қайта тергеуге негіз жоқ деп тапты.
Сіз көрсеткен дәлелдердің барлығына қатысты алдын ала сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушінің процессуалдық шешімі қабылданған. Ол заңды күшін жойған жоқ әлі.
Қайта тергеу институты жоқтығынан қайтару үшін қылмыстық кодекстің 323-ші бабында көрсетілген негіздерге сай келмейтінін айтамын.
Негізгі сот барысында сіздер айтқан мән-жайлар анықталса, сот өз құзыры шегінде қаулы қабылдайтын болады», — деді судья Кеңшілік Әбілдинов.
Жәбірленуші тарап — Денис Теннің анасы Оксана Теннің өкілі істі қайта қарауды сұраған болатын.
Бүгін Деніс Теннің өліміне қатысты сот отырысы өтті. Сотталушы Жанар Толыбаеваның аяғы ауыр екені анықталған болатын.
Келесі сот отырысы 3 қаңтар, таңертеңгі 10.00-ға белгіленді.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 19-шы шілдеде Алматы қаласының орталығында белгісіз автокөлік ұрылары танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді пышақтап кеткен болатын. Ауруханада ауыр халде жеткізілген спортшы сол жерде көз жұмған еді.