Денис Тен армандаған академия қайда ашылатыны белгілі болды

0
71
Қоғам

Қысқа сілтеме алу

10 0 0

Белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасынан кейін құрылған қор жұртшылықпен алғашқы кездесуін өткізді

АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Денис Тен қоры атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды жария етті, деп хабарлайды тілшісі.

Денистің анасы, қор директоры Оксана Тен ұлының жан-жақты адам болғанын атап өтті. Сондықтан қордың қызметінде бірнеше бағыт белгіленген.

«Біз оның музыкалық жобаларын іске асыруды, яғни музыкалық диск шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, әңгімелер, өлеңдер мен ертегілер жинағы шығарылады. Денис жазған әдеби шығармалар өте көп. Денис Теннің сценарийі бойынша «Слепая любовь» көркем фильмі түсіріледі», — деді ол.

Оксана Тен ұлының тағы бір үлкен арманы мәнерлеп сырғанау академиясын ашу болатынын атап өтті.

«Біз бұл жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Академияны 2019 жылы ашуды жоспарлап отырмыз»,- деді спортшының анасы.

Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ президенті Сергей Кан жобаға Ресейдің мәнерлеп сырғанау бойынша жаттықтырушысы Татьяна Тарасова да қосылғанын атап өтті. Жобаны мәдениет және спорт министрлігі, мәнерлеп сырғанау федерациясы және ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп жүзеге асыруда.

«Біз Тарасованың келгенін пайдаланып, бұл мәселені жан-жақты талқыладық. Бұл ұзақ мерзімді жоба. Алматы әкімі Бауыржан Байбек бізге «Халық Аренаны» бөлді. Қазір біз мұз айдынды пайдалану кестесін пысықтап жатырмыз», — деді ол.

Айта кетсек, Денис Тен қоры осы жылдың тамызында құрылған. Бүгін қор алғаш рет Қазақстан жұртшылығының өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Үш-төрт айдың ішінде қор қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар үшін әлемнің төрт дүркін чемпионы, Еуропаның үш дүркін чемпионы Алексей Ягудин, жасөспірімдер арасындағы екі дүркін әлем чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Елена Радионовамен шеберлік сағаттарын ұйымдастырған.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/