Дені дұрыс адам қазақ әйелдерімен олай ойнауға болмайтынын түсінуі керек
Дені дұрыс адам қазақ әйелдерімен олай ойнауға болмайтынын түсінуі керек
Өткенде бір желтоқсаншы көкеммен осы желтоқсан оқиғасы туралы әңгіме шықты. Сонда көкем былай деген еді, «е жүрдік қой бәріміз де сол кезде алаңда, 16, 17, 18 күні сонда болдық, сонда мен тұңғыш рет ашынған қазақ қыздарының түрін көрдім. Былай күнде көріп жүрген қыздар ғой, жайнаңдап, қалжыңдап қастарымызда мәз мәйрам боп жүретін қыздарымыз еді, ойпырай, сол кезде біз бұларды танымай қалдық қой, түрлері әлемтапырық, сенесің бе Олжас ау, нағыз ашынған аш қасқырдай солдаттарға тап беріп жатты ғой сол кезде өрімдей қазақ қыздары. Қыздардың анадай түрлерін мен алғаш рет көрдім. Одан соң солдаттар олардың шаштарынан алды. Сол кезде бір қыз «әй жігіттер, анадан еркек боп туғандарың рас болса, не қарап тұрсыңдар! » деп айғай салды. Одан кейін не тұрыс, солдаттармен шартпа шұрт төбелес басталды. Ол жерде кәдімгідей қырғын болды, шырағым» деген еді көкеміз.
Расында, қазақ әйелі — нағыз өлермен адам. Олардың сондай өлермендігінің арқасында біз халық боп отырмыз. Біздің тарихымыз қайбір оңған тарих дейсіз, кілең ат үстінде, жорықта шапқылаған бабаларымыздың іздерін фольклорымыздағы сансыз жыр — дастандар айғақтап тұр емес пе. Ол заман ерін жорыққа жіберген аналарымыз, оларды сарғайып кәдімгідей күткен. Ал ол соғыстан аман келе ме, ол енді басқа әңгіме. Ері сол сойқанда бір төбенің астында қылжиып шәйіт боп кетсе, атын құшақтап бір ай солқылдап жылап жетісін, қырқын, жылын өткізіп, артынан белін бекем буып әмеңгерлікпен бауырына тиіп әулеттің шаңырағын ұстап, әулеттің, рудың, ұлттың ұрпағын жалғастырған тағы да сол өлермен қазақ әйелі. Оның таңның атысы, күннің батысы шаңырақтың отымен кіріп күлімен шығатын тозақы өмірі өз алдына бір бөлек жыр.
Бергі ашаршылық жылдары, орманда кездескен аш қасқырға құндақтағы қызын тастап, ұлын жетектеп қасқырдан қашып шыққан да сол жүрегінің түгі бар қазақ әйелі. Дені дұрыс адам бұндайда жынданып кетеді, тек қазақ әйелі ғана бұл жерде тағы да сол шаңырақ иесін қалайда сақтап қалу керек деп таңдау жасайтын болса керек. Баяғы әулеттің, рудың, ұлттың қамы ғой. Біз қазақ әйелінің осындай ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өлермендігінің арқасында халық болып сақталып келеміз. Жалпы қазақ әйелінің біздің тарихымызда алар орыны және келешекте атқарар рөлі орасан.
Мен кешегі әкімшілікке лап берген көп балалы аналардың түрінен де сол жоғарыда көкем айтқан нышандарды көремін, ал дені дұрыс адам басқаны ренжітсе де қазақ әйелдерімен олай ойнауға болмайтынын түсінуі керек, өйткені оның арты ешқандай жақсылықпен аяқталмайды.
Бүгінгі халықаралық әйелдер күні құтты болсын, ана, апа, жеңге, келін, қарындастарым. Сіздерге өткеніміз үшін жарқын келешегіміз үшін мың алғыс. Аман болыңыздар!
Олжас Әбіл
Фейсбуктегі парақшасынан
Көрілген: 9 Пікірлер: 0