Денесінің 70%-ын күйік шалған бала ауруханадан шықты

0
94

Фото: Автор

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облыстық балалар ауруханысының дәрігерлері денесінің 70%-ын күйік шалған жасөспірімнің өмірін сақтап қалды. 17 жасар Мирхат Асылханов анасын алапат өрттен құтқарамын деп, ауыр жарақат алған.

Мамандардың айтуынша, бұл – аса сирек кездесетін жағдай. Әдетте, осындай жарақат кезінде балалар шетінеп кетеді екен. Мирхат Асылханов анасын құтқарамын деп өртенген үйге екі рет кіріп, тілсіз жаумен арпалысты. Оқыс жағдай Павлодар қаласының іргесіндегі Әуеқалашық жерінде болды. Қызыл жалын жер үйді шарпыды. Салдарынан жасөспірім аса ауыр күйік жарақаттарын алып, ұзақ емделді. Ал анасы көз жұмды. Қазіргі уақытта қатарластарының ортасына оралып, сабаққа барып жүр.

Михат Асылханова Инновациялық Еуразия университеті колледжінің екінші курс студенті. Болашақта автомеханик болғысы келеді.

«Дәрігерлердің арқасында жарақаттан айығып кеттім. Сол қорқынышты оқиғаны еске алып, ұйықтай алмаған кездерім болды. Себебі, денем қатты ауырды. Бақытыма орай, өлім аузынан аман қалдым. Екінші рет өмірге келгендей болдым. Дәрігерлерге рахмет айтамын», – дейді Мирхат.

Жасөспірім ауруханаға жарты жыл бұрын түскен. Бүгінгі күнге дейін ол облыстық балалар ауруханасының дәрігер-комбустиологі Қаһарман Баймұратовтың қамқорлығында болды.

«20 жылдан астам тәжірибемде осындай жағдай кездеспепті. Мирхаттың басым бөлігі күйіп кеткені бір бөлек, терең күйік жарақаттары болды. Теріні қалыпқа келтіру үшін бес рет пластикалық операция жасадық. Тері 15 күн ішінде қалыпқа келтіріліп отырды. Бала ұзақмерзімді ем-дом кезінде шыдамдылық танытты. Ауырсынған да жоқ», – дейді Қаһарман Баймұратов.

Облыстық балалар ауруханасының директоры Ардақ Күзековтың айтуынша, жыл сайын күйік жарақаттарымен 150-ден астам бала түседі екен. Балалардың сауығып кетуі үшін дәрігерлердің кәсібилігі аздық етеді. Сондықтан, емдеу мекемесіне 1 млрд. теңгеге жуық қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Заманауи құралдардың қатарында жансақтау бөліміндегі күйік кереуеті бар. Мирхат осы кереуетте 40 күн бойы жатқан.

Мамандардың айтуынша, айтуынша, күйік шалған балалардың көбі – үш жасқа дейінгі сәбилер. Сырқаттарға кешенді медициналық қызмет көрсету мақсатында инновациялық әдістер енгізілген.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ