«Денесі мәйітханада жоқ»: Алексей Навальныйдың жақтастары оппозиционердің мәйітін туыстары ала алмағанын айтты
Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары оның түрмеде қайтыс болғанын растады. Алайда қазір оның денесін туыстары ала алмай отыр екен. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Федералдық жазаны атқару қызметі Навальныйдың «Полярная воль» түзеу колониясында қайтыс болғанын хабарлады.
Әлеуметтік желіде Навальныйдың жақтастары ресми мәлімдеме жасап, оның көз жұмғанын растады.
«Алексей Навальный өлтірілді. Оның қазасы 16 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 14:17-де Алексейдің анасына жіберілген ресми хабарламада жазылған. Колония қызметкері Навальныйдың денесі Салехардта екенін айтты. Тергеу комитеті оны алып кетті. Қазір оның денесіне сараптама жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.
Алайда кейінірек саясаткердің жақтастары тексеруге байланысты туыстары оның денесін ала алмағанын хабарлады. Олардың айтуынша, Навальныйдың денесі Салехардта да, Лабытнанга мәйітханасында да жоқ болып шыққан.
Еске салсақ, бұған дейін Алексей Навальныйдың әйелі күйеуінің өлімі туралы ақпаратқа сенбейтінін айтқан еді.