Денешынықтыру пәні пән емес пе?!.

0

Ертеректе қара жұмысқа қала бала­сы ғана қауқарсыз болатын. Күш-қуаттың жоқтығынан емес, істеп үйренбегендіктен. Бұрын жыл он екі ай толас таппайтын шаруа­ның бабымен шарболаттай шың­далып өсетін ауыл баласы қазір болбыр.

– Бұрынғыдай емес, ата-ана­лар да бала­ларын жел мен күнге тигіз­бей өсір­гі­лері келеді, – дей­ді наға­шым, – біз бұ­лар­дың жасында қол шалғымен шөп ша­уып, жаз бойы ағаш жаратынбыз. Қазір бұлар дайын асқа тік қасық. Көп жұмсай бермейміз. Үй­де ға­на емес, мектепте де мұрын­дарынан шан­шы­лып жатқан жоқ.

Жеткіншектің жеті­луіне мек­­­­теп­­­тегі денешы­нық­­тыру пәні сеп. Біз­дің ауыл­да спорт залы ғұмыры бол­ған емес. Бала кезі­мізде денешынық­тыру пәні­нен кез келген сабағы аз мұғалім бере беретін. Түк те қиындығы жоқ, бір допты ортаға тастай салады. Сабақ біт­кенше соны қуа­лай­мыз. Соны­мен тәмам. Өзгер­ген шығар деп едік, сөйт­сек бәз-бая­ғы қалпында екен. Мәселен Ақмола облысында 560 білім ошағы болса, соның 69-ында спорт залдары жоқ. Оның ішін­де Зеренді ауданының 63 білім оша­ғы­ның 11-і спорт залға зәру. Жал­ғыз ол аудан ғана емес, Целиноград ауданының 9 мектебі, Астрахан ауданының 8 мектебі, Қорғалжын ауданының 7 мек­тебі және Біржан сал ауданы­ның 7 мектебі спорт залсыз. Күз бен көктемде әупірімдеп лаждар-ау, ал Сары­­­арқаның сақыл­даған алты ай қысын­да бұл мек­тептің оқушылары атал­ған пәнді жылы жауып қояды-ау. 

Бар­ларының да бағы жанып тұр­ғандары шамалы. Олай айтуымыздың себебі, жал­пы білім беретін мек­теп­тер­дің спорт жаб­дық­тарымен қам­та­ма­сыз етілу деңгейі өте төмен. Мәселен Ерейментау ауданы мектептерінің спорт залдары 28,2, Атбасар ауданы мектептерінің спорт залдары – 23,3 пайызға қамтамасыз етілсе, қияндағы Жарқайың ауданы­ның білім ошақтарының спорт залдары 41,4 пайыз ғана жаб­дық­талған. Оны айтасыз, облыс орталығындағы мектептердің де бұл тарапта бағы жанып тұрған жоқ. Пікірімізді нақты дерекпен қымтайтын болсақ, қала мектептерінің спорт залдары 42,3 пайыз ғана қажетті спорт құралдарымен жабдықталған. 

Әр жыл сайын әскер қатарына ша­қырылған жастардың жартысы Отан алдындағы борышын өтеуге жарамсыз болып жататындығы ащы да болса шындық. Енді осы кемістіктің түп-тамырын қазбалап, індететін болсаңыз, бір себебі, сөз жоқ, осы тақырыпқа келіп тіреледі. Ал оның арғы жағында мектеп оқушысын спортпен достастыру, саламатты өмір салтына бау­лу дей-тұғын мәселелер жатыр. Ойлап қарасаңыз, спорт залдары жоқ мектептерде әртүрлі спорт үйірмелерін ұйымдастыру туралы мәселе көтеруге бола ма? Әрине, жоқ. Мектеп оқушылары ара­сында адам ағзасының әрқилы ауруға шалдығуының да, яки, балалардың иммундық қасиет­терінің төмендігін де осы арадан іздеуіміз керек шы­ғар. Әйтеуір бір дәтке қуаты кадр толық екен. Облыс мек­теп­тер­інде жоғары және орта арнаулы білімсіз сабақ беріп жүрген бірде-бір мұғалім жоқ. Бірақ олардың қолын байлап отырған жайт жоғарыда біз айтқан спорт залдары мен арнайы құрал­дар­дың жоқтығы. 

Спорт­тағы бағын байлау өз ал­дына, ертең ел қорғайтын ерлердің қарапайым еңбек етуге деген қабілетінің өзі де жастайынан қыранның балапанындай бау­­­лынуында емес пе? Кез келген еңбекке қабілетті болуы үшін де мектеп жасындағы жас­өспірім қабырғасы қатып, буыны бекір сәтте спортпен айналысуы керек.

Қолы бос бала келеңсіз әдет­ке де үйір. Ауыл үйдің қотан­ында сабақтан бос кезін­де салаң­дап бос жүру жақ­сылыққа жеткізе  қоймайтыны белгілі. Біз осы бір олқылықтың бетін ғана қалқыдық. Індетіп іздегенге дене­шынықтыру пәнінің талапқа сай өткізілмеуінің кесірі ұшан-теңіз. Сондықтан осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына орай жауапкершілік жүгін жете түсініп, бір амалын табу керек тәрізді. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы