«Денең түршігеді»: Ковидтен қайтыс болғандарды сойып тексеретін дәрігер дабыл қақты

0

Коронавирустан қайтыс болғандар елде үш-төрт есеге көбейді. Дәрігерлерді әсіресе науқастардың тым «жасарып» бара жатқаны алаңдатып отыр, деп хабарлады КТК.

Өйткені марқұмдардың арасында қазір қырыққа да толмаған жастар көп. Індетке қарсы тұрудың жалғыз амалы – вакцина. Мұны дәрігерлер күнде айтудан жалыққан емес.

Алматыдағы мәйітхананың ішіне кірген журналистер коронавирустан көз жұмғандарды жерлеу рәсімі қалай атқарылып жатқанын көрді.

Дәлізде өлі тыныштық. Өйткені дәрігерлердің барлығы мәйіттермен жұмыс істеп жатыр.

Патологоанатом Азамат Бейсеновтің мәйітханада коронавирустың марқұмның ағзасына қалай жұғып, қалай тарағанын анықтайды. Атап айтқанда, жасыл құтыларды тексереді. Онда індеттен өлген адамдардың жүрек, өкпе, бауыр-бүйегінің бөлшектері жатыр. Олар енді қауіпсіз. Өйткені залалсыздандырылған.

«Коронавирустан қайтыс болып жатқан адамдар «жасарып» бара жатыр. Соның өзі денеңді түршіктіретін жағдай. Ашып қарағанда, бірінші өкпесіндегі өзгерісті көреміз. Ауаға толып тұратын өкпе қатайып қалады. Бізге жаны қиналып өлген адамдар келеді», — дейді Азамат Бейсенов.

Соңғы айдағы жағдай Асхат Қостаевты да шошындырған. Көр қазатын жігіт зираттың жастарға толғанын айтады. Күндіз ғана емес, түнде де қолдан күрек түспейтін болды дейді.

«Үлгермей қалатын кездер де болады. Қазір орташа есеппен күніне ковидтен көз жұмған 4-5 адамды жерлеп жатырмыз. Қабірдің іші хлорланады. Вакцинаны өзіміз үшін салдырдық. Өйткені көбінесе індеттен қайтыс болған кісілер жерленеді», — дейді көр қазушы Асхат Қостаев.

Туған-туыстың көз жасына күнде куә мәйітхана басшысы халықты жаппай екпе салдыруға шақырды.

«Адамдар вакцина салдырмай жатыр. Мен онымен келіспеймін. Себебі екпенің қорғаныш әсері дәлелденген. Мысалы, біздің мекемеде 120 қызметкер жұмыс істейді. 100 пайыз екпе салдырды. Біз коронавирустан қайтыс болған мәйіттерді соямыз. Бізде жұқтыру қаупі өте жоғары. Бірақ соған қарамастан, бірде-бір қызметкер ауырған жоқ. Сондықтан халықты кейінге қалдырмай, екпе салдыруға шақырамын», — дейді Алматы қаласы патологоанатомиялық бюро директорының міндетін атқарушы Ержан Құттығожин.

Ал өлім-жітімнің көбеюіне қарапайым сақтық шараларының сақталмауы себеп. Көпшілік тыйымға қарамастан той-садақаға барады. Аурудың дәл сол көпшілік жерде жұғып жатқанын белгілі вирусолог Жанай Ақанов та айтып отыр.

«Көбіне санитарлық талаптардың сақталмауы себеп. Ешкімнің бетперде кигісі жоқ. Той-томалақ та өтіп жатыр. Оған қоса вакцинаға қарсы шығушылар көбейді. Әсіресе оңтүстік аймақта өршіп тұр. Олар дәрігерлердің жұмысын одан сайын қиындатып жатыр. Өйткені жаңа науқастар күн санап келіп түсуде. Бұлай жалғаса берсе, төсек орын да, дәрі де жетіспейді», — дейді ол.

Есігінен мәйіт үзілмеген мекеме басшысы күшейе түскен індет жас-кәріні ажыратып жатқан жоқ дейді. Бәрінің өлім себебі бір – оттегі жетіспей тынысы тарылады.