«Демпартия» жетекшісі Жанболат Мамай: Құрылтай өтпейді

0

«Қазақстанның демократиялық партиясын» құру бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай 22 ақпанға жоспарланған демпартияның құрылтай съезі өтпейтінін, оның орнына сол күні топ белсенділері митингіге шығатынын айтты.

— 22 ақпанда сағат 11-де «демократиялық партияның» жақтастары, мүшелері мына бастамашыл топ өкілдеріне жасалып жатқан қысымға қарсы және саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, Қазақстанға шынайы саяси реформалардың жүргізілуін талап етеміз. Күні кеше ғана болған Қордайдағы жанжалдың әділ тексерілуін талап етіп, 22 ақпанда «ескі алаңға» митингіге шығуға шешім қабылдадық. Біз «демократиялық партияның» съезін өткізбейміз. Өйткені жаппай қуғын-сүргін болып жатқан тұста, жан жақта жақтастарымызды қинап түрмеге отырғызып, оларды қудалап жатқан кезде біздің мұнда қандай да бір съезд өткізіп жатқанымыз қисынсыз деп санаймыз, — деді Жанболат Мамай.

«Қазақстанның демократиялық партиясын» құру бастамашыл топ өкілдері бұған дейін әр аймақта съезге жиналған белсенділердің ұсталғанын, кейбір жерде пойыздан түсіріліп, әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлаған еді. Мысалы, 17 ақпанда Орал соты жергілікті белсенді Мақсат Айсауытовты осыған дейін салынған 30 мың теңге айыппұлды төлемеді деген айыппен 5 тәулікке қамаған. Белсенді соттың бұл шешімін «өзін Алматыдағы съезге жібермеудің амалы» деп айтқан еді. Ал Исатай Өтепов тағы бір белсенді қылмыстық іс аясында «қорғауға құқығы бар куәгер» статусында ақпанның 17-і күні полицияға шақырту алған.

Бастамашыл топ өкілдерінің айтуынша, неғұрлым съезд жақындаған сайын белсенділер тарапынан осыған ұқсас шағымдар көбейген.

Оқи отырыңыз: Аккаунтының бұзылғанына шағымданған белсенді өзінің атынан арандату посты тарап жатқанын айтты

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев 19 ақпанда «Қазақстанның демократиялық партиясының» құрылтай съезі қарсаңында жер-жерде оған бармақ болған азаматтардың ұсталғаны жайлы ақпаратты естімегенін айтты.

— Съезге кетіп бара жатқандарды ұстады дегенді қазір ғана сіздерден естіп тұрмын. Менде ондай мәлімет жоқ. Нақты белгілі жағдайлар болса, айтыңыздар. Біз барып тексерейік, — деді 19 ақпанда журналистердің сұрақтарына жауап берген Марат Қожаев.

Қазақстан заңнамасы бойынша, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өткізу қажет. Оған түрлі аймақтан адамдар қатысуы тиіс. Жанболат Мамай 26 желтоқсанда 1122 адамнан құралған бастамашыл топты әділет министрлігінің тіркегенін хабарлап, 22 ақпанда съезд өткізетінін мәлімдеген.

(Жаңалық толықтырылады).

Azattyq