Демпартия құрғысы келетін бастамашыл топ әділет министрлігіне құжат тапсырды

0

26 желтоқсанда «Қазақстанның демократиялық партиясын» құрғысы келетін бастамашыл топ өкілдері мыңнан астам адамның қолы қойылған құжатты әділет министрлігіне тапсырып, құрылтай съезін өткізу үшін бастамашыл топты тіркеуді сұрады.

Құжаттарды әділет министрлігінің өкілі Талғат Әбубәкіров қабылдап, тіркелгені туралы квитанцияны бүгін сағат 16.00-ге дейін беруге уәде берді.

Бастамашыл топ өкілі Инга Иманбай министрлік топты тіркемеген жағдайда мұны «саяси себеппен» байланыстыратынын айтты.

— Бізге съезд өткізуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Дайындаған құжаттарымыз бен жақтастарымызға сенеміз. Егер әділет министрлігі қандай да бір себеппен тіркеуден бас тартса, онда оны саяси себеппен бас тартты деп түсінеміз және әрі қарай әрекет жасаймыз, — дейді Инга Иманбай.

31 жастағы журналист, белсенді Жанболат Мамай қазан айында Алматыдағы жиында «Қазақстанның демократиялық партиясын» құратынын мәлімдеген. Ол “партияның мақсаты сайлауға түсу емес, елдегі билік жүйесіне өзгеріс енгізу, халықтың үнін билікке жеткізу” екенін айтқан.

Ол кейінірек облысты аралауға пробация қызметінің рұқсат бермей отырғанын хабарлаған. Қараша айында бастамашыл топ өкілдерінің аймақтағы кездесулері кезінде бірнеше адам шу шығарған.

Қазақстан заңнамасы бойынша, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өткізу қажет. Ал партияны ресми түрде тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы керек.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 20 желтоқсанда «ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» отырысында партия құруға қажетті адамдар санын 40 мыңнан 20 мыңға азайту қажеттігін айтқан.

Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Парламентте үш партияның өкілдері отыр: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы, билікшіл «Ақ жол» және «Коммунистік халықтық партиясы».

Azattyq