«Демпартия» белсенділері Қордайдағы оқиғаны тексермекке тәуелсіз комиссия құрды

0

10 ақпанда Алматы қаласындағы Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросында «Демократиялық партия» құрғысы келетін бастамашыл топ пен белсенділер баспасөз жиынын өткізіп, Қордайдағы оқиғаны тексеретін тәуелсіз комиссия құрғандарын мәлімдеді.

Бастамашыл топ өкілі Жанболат Мамайдың сөзінше, тәуелсіз комиссия құрамына белсенділер, оқиғаны объективті зерттей алатын адамдар кірген.

Белсенділер Қордайдағы жанжалдан кейін үкімет құрған комиссияның жұмысына «сенбейтіндерін» айтып, «біз екі жақпен де сөйлесіп, оқиғаның неден басталғанын анықтаймыз» деді.

Жанболат Мамай жиында «оқиғаның бұлайша өрбуі – күштік құрылымдардың дайындығының жоқтығы мен жемқорлықтың бар екенін көрсетті» деді.

"Демпартия" бастамашыл тобы мен белсенділер Қордайдағы жанжалға байланысты жиында отыр. Алматы, 10 ақпан 2020 жыл.

«Демпартия» бастамашыл тобы мен белсенділер Қордайдағы жанжалға байланысты жиында отыр. Алматы, 10 ақпан 2020 жыл.

Мамай алдағы күндері тәуелсіз комиссия мүшелері этникалық жанжал болған Қордай ауданына баратынын айтты.

Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында жанжал болып, 10 адам қаза тапты, 40-тан астам адам жарақаттанған. Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылында үйлер мен дүкендер өртенген. Бұл ауылдардың тұрғындарының басым бөлігі — дүнгендер. Этникалық қазақтардың этникалық дүнгендермен жанжалдасуына не себеп болғаны нақты белгісіз. Бірақ ауыл тұрғындарының сөзінше, жанжал жолға таластан шыққан.

Полиция жанжалға байланысты «Адам өлтіру» және «Тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Билік оқиғаны тексеру үшін үкіметтік комиссия құрды.

9 ақпан күнгі дерек бойынша, Қазақстан ауруханасында жанжалдан зардап шеккен 39 адам жатыр. Олардың сегізі реанимация бөлімінде. Қырғызстан ауруханасына 13 адам түскен, олардың бесеуі санавиация көмегімен 9 ақпанда Алматыдағы ауруханаларға жеткізілді.

Қазір Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланған.

Azattyq