Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс – Тоқаев

0

Құрамында Президент Әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кірісті. ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды kznews.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Құрамында Президент Әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кірісті. Республикалық оперативтік штаб тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Комиссияға еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығару жүктелді.

Құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс», — деді Президент.

Еске сала кетсек, Президент кеше Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырған еді.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын жария етті.

Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарайтын Үкіметтік комиссияны ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов басқаратын болды.

Айта кетерлігі, Маңғыстау облысындағы жанармай стансаларының иелері сұйытылған мұнай газының құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағаны мәлім болды.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Отын-энергетика өнеркәсібі департаменті басқармасының басшысы Қуат Асамбеков Маңғыстау облысындағы жағдайға байланысты «картельдік келісім» бойынша тергеу басталғанын айтты.