Демократтар Трамптың Иран бойынша өкілетін шектегісі келеді

0

АҚШ конгресі Өкілдер палатасының спикері демократ Нэнси Пелоси президент Дональд Трамптың Иранға қарсы әскери іс-қимыл бастау жөніндегі өкілетін шектеу туралы резолюция жобасын осы аптада дауысқа салатынын мәлімдеді.

Пелосидің мәлімдеуінше, жобада Ақ үй әкімшілігі Конгрестің мақұлдауынан өтпеген Иранға қарсы кез келген әскери әрекетті жақын 30 күн ішінде тоқтатуы тиіс деген талап бар.

Дәл осындай резолюция жобасын АҚШ сенатына демократ Тим Кейн де ұсынды. Бұған ұқсас басқа да резолюция жобалары бар. Мысалы, келесі АҚШ президенті сайлауына демократтар кандидаты болуға үміткер сенатор Берни Сандерс Иранға қарсы Конгресс әлі мақұлдамаған кез келген әскери іс-әрекетті қаржыландыруды тоқтата тұруды ұсынады.

Мұндай резолюция жобалары Иран генералы Касем Сүлейманиге қарсы АҚШ әскери операциясынан кейін ұсынылып отыр. «Құдс күштерінің» қолбасшысы генерал Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдат әуежайында АҚШ-тың әуе шабуылынан қаза тапқан. Демократтардың көпшілігі президент Трамптың Сүлейманиге қарсы операция бастау туралы шешімін сынады. Олар Конгреске бұл операция жайлы ешкім алдын ала хабарламағанын айтады. Трамптың қарсыласы, бұрынғы вице-президент Джо Байден Сүлейманидың тағдырына қынжылмайтынын, бірақ бұл оқиға Таяу Шығыстағы жағдайды одан сайын шиеленістіріп, АҚШ-қа нұқсан келтіретіндіктен генералды өлтіруді айыптайтынын мәлімдеді. Демократиялық партияның сол қанатындағы жетекшілердің бірі, Конгресс мүшесі Александра Оказио-Кортес президент Трамптың «егер Иран Сүлеймани үшін кек алатын болса, Иран нысандарына соққы берілетіні» туралы айтқан сөзін «әскери қылмыс» деп атады.

Ақ үй әкімшілігі және республикашылдардың көбі Трамптың шешімін құптайды. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 5 қаңтарда Сүлейманидың көзін жою туралы шешім қабылдауға негіз болған барлау қорытындысы «расталғанын» мәлімдеді. Ол әрекетсіз отыру елеулі қауіпке соқтыруы мүмкін еді деген. Мемлекеттік хатшының сөзінше, Иранның ислам сақшылары корпусының арнайы элиталық бөлімі – «Құдс күштерінің» қолбасшысы генерал Касем Сүлеймани америкалық нысандарға қарсы операциялар жоспарлаған.

Трамптың іс-әрекетін АҚШ-тың Ирактағы қарулы күштерінің бұрынғы қолбасшысы және Орталық барлау басқармасының бұрынғы директоры генерал Дэвид Петреус те қолдады. Оның пікірінше, АҚШ-қа генерал Касем Сүлеймани жақында көзі жойылған «Ислам мемлекеті» террорлық тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадиден, тіпті Усама бен Ладеннен де қауіпті дұшпан болған.

«Америка дауысы» басылымы президент Трамптың өкілетін шектейтін резолюция жобасын демократтар көп дауысқа ие болып отырған Өкілдер палатасы мақұлдауы мүмкін, алайда республикашылдар басым сенаттың оны қабылдауы неғайбіл деген болжам айтады.

6 қаңтарда Тегеранда мыңдаған адам генерал Касем Сүлейманимен қоштасу үшін қала көшелеріне шықты. Олар «Америкаға өлім келсін» деп айғайлады.

Azattyq