Демократтар Ақ үй Сулеймениге шабуыл туралы дұрыс ескертпеді дейді
Ақ үй АҚШ конгресіне президент Дональд Трамптың бұйрығымен жасалған 3 қаңтар күнгі шабуыл жайлы ресми ескерту жолдады. Бұл шабуылдың салдарынан ирандық генерал Касем Сулеймени қаза тапқан.
Ескерту 1973 жылы қабылданған АҚШ заңы аясында 4 қаңтарда жіберілген. Бұл заңға сәйкес, президент әкімшілігі 48 сағаттың ішінде конгреске әскери әрекет немесе алдағы жоспар жайлы хабарлама жіберуі тиіс.
Ақ үй ескертуге байланысты түсініктеме бермеді, оның жай-жапсары да айтылмайды. Ескертудің өңделген нұсқасы жариялана ма, жарияланбай ма, ол жағы да белгісіз.
Республикашылдардың басым бөлігі Трамптың әрекетін жоғары бағалады, ал өкілдер палатасындағы демократтар президентті конгресті ескертпей, оның мақұлдауынсыз әрекет еткенін сынады. Демократтар бұл әрекет АҚШ пен Иран арасындағы соғысқа түрткі болуы мүмкін деп алаңдайды.
Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Ақ үйдің ескертуі «жауаптан көрі көбірек сұрақ туындатады» деп мәлімдеді.
3 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп «соғысты тоқтату үшін» Иранның әскери қолбасшысы Касем Сулейманиге шабуыл жасауға бұйрық бергенін мәлімдеген. Оның айтуынша, генерал Бағдатта АҚШ пен оның одақтастарына қарсы «қатерлі» шабуылдар ұйымдастырған.
62 жастағы Сулеймани Ислам революциясы сақшылары корпусының элиталық жасағы «әл-Құдыс» бөлімін басқарған. АҚШ-та оны шетелдегі террористік ұйымдар қатарына енгізді.