Дельта штамм жұқтырғанда жөтел мен температура болмайды — бұл рас па?

0

WhatsApp мессенджерінде вирустың дельта нұсқасынан туындаған COVID-19 ауруының белгілері патогеннің басқа нұсқалары тудырғандардан айтарлықтай ерекшеленеді деген ақпарат тарады. Пайдаланушылар дельта нұсқасын жұқтырған пациенттерде жөтел де, жоғары температура да болмайды деп жазады, Бұл туралы Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлаған екен. Бұл жалған, деп жазды Stopfake.kz басылымы.


Израильдің Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында дельта нұсқаның белгілеріне жөтел мен безгек жатпайтыны туралы ақпарат жоқ.

Сонымен қатар, ғалымдар дельта нұсқасын жұқтыруға тән белгілер алдыңғы мутацияларға тән белгілерден іс жүзінде ерекшеленбейтінін мәлімдеді. Профессор Тим Спектордың айтуынша, дельта нұсқасын жұқтырғандарда қатты суық тиюдің белгілері болады. Ең жиі кездесетіндері: жөтел, дене қызуының көтерілуі, мұрынның ағуы, әлсіздік, иіс пен дәм сезудің жоғалуы.

Оклахома университетінің дәрігері және ерікті оқытушысы доктор Джордж Монкс өзінің Twitter-дегі аккаунтында дельта нұсқасы көбінесе жөтел, тыныс алудың қиындауы, безгек, дененің ауырсынуын тудыратынын хабарлаған. Оның мәліметінше, иіс пен дәмнің жоғалуы вирустың басқа нұсқаларын жұқтырудың белгілерімен салыстырғанда аз болады.

Басқа мамандар тамақтың жыбырлауы, мұрынның бітелуі және бас ауруы Дельта нұсқасын жұқтыруға тән деп санайды. 

Сонымен қатар, таратылған хабарламада вирустың белгілеріне қатысты нақты фактологиялық қателіктерге қарамастан, ішінара дұрыс деп санауға болатын алдын алу бойынша ұсыныстар көрсетілген. Дельта нұсқасының таралуына байланысты әлі де бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау және адамдар көп жиналатын орындарға қажетсіз бармау ұсынылады. 

Егер бойыңыздан COVID-19 белгілері байқалса, дереу кәсіби медициналық көмекке жүгініңіздер.