Делиден Таразға келген жолаушы коронавирус жұқтырып алған — Қазақстан жаңалықтары

0

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандар жайлы деректер айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

коронавирус

Ауырғандардың бірі — 1999 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны. Азаматша 3 сәуірде Дели-Тараз рейсімен келген.

Аталған рейстің барлық жолаушылары ұшу жолағынан бірден арнайы автобустарға отырғызылып, медициналық және полиция қызметкерлерінің ілесіп жүруімен карантиндік стационарға жатқызылды. Медициналық мекемеде олардан 14 күн бойы талдау алынады.

Сондай-ақ Тараз қаласының 59 жастағы тұрғынынан инфекцияға алынған талдау оң нәтиже көрсетті. Ол бұған дейін ауырған науқаспен байланыста болған. Онымен қарым-қатынаста болған 24 адам анықталып, карантинге жатқызылды.

Үшінші науқас — облыс орталығының 86 жастағы тұрғыны. Эпидемиологиялық тексеру барысында оның 17 наурыз күні Алматыдан келген жақын туысымен байланыста болғаны белгілі болды. Науқаспен қарым-қатынаста болған 5 тұлға анықталып, карантинге жатқызылды.

Сонымен қатар Меркі ауданының 1990 және 1998 жылы туған екі тұрғынының талдау қорытындалары оң нәтиже көрсеткен. Олармен байланыста болған 17 тұлға карантиндік стационарға орналастырылып, оқшауланды.

Бүгінде байланыста болған адамдарды анықтау, оларды карантиндік стационарға орналастыру, зертханалық зерттеу үшін талдаулар алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Санитарлық-эпидемиялық қызметтер олардың тұрғылықты және барған жерлері бойынша дезинфекциялық өңдеу шараларын жүргізді.

Қазіргі таңда жалпы облыс бойынша коронавирустың 40 жағдайы тіркелген.Оның ішінде 11 адам шекаралық өткізу пункттерін кесіп өту кезінде, 6 жолаушы Дели рейсінен анықталған. Таразда — 5 оқиға, Қордай ауданында – 14, Меркі ауданында – 2, Шу ауданында біреу және Жамбыл ауданында бір науқас тіркелген.  

 

stan.kz