дебат кезінде кандидаттар өз үндеуін жариялады

0
55

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Бүгін президенттікке кандидаттар теледебат арқылы сайлаушыларға үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Мен Youtube-та отырған жоқпын»

Теледебаттың үшінші турында бірінші болып кәсіподақтар федерациясының кандидаты Амангелді Таспихов сөйледі.

«Қадірменді халқым, мен де көпшілігің сияқты шалғай ауылда, қарапайы отбасыда, көпбалалы семьядан шықтым. Мен 20 жыл «митинговать» еткен жоқпын. Мен Youtube-та отырған жоқпын. Өмір бойы өндірісте жұмыс істедім. Жұмысшылардың арасында өстім, тәрбиелендім, шынықтым. Сондықтан маған жұмыс адамының жағдайы, мұң-мұқтажы, жанайқайы жақсы белгілі. Сенім білдіріп, сайлап жатсаңыз, президенттік мерзім біткеннен кейін де өз араңызда тұратын боламын», – деді Таспихов.

Тағы оқыңыз: Сайлауалды дебатта кандидаттар қандай проблемаларды көтерді?

«Сөз бостандығынан бастап әділдікті орнатқанымыз жөн»

Президенттікке кандидат Дания Еспаева теледебатқа қатыспады. Оның атынан «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.

«Құрметті отандастар, әркім жақсы өмір туралы армандайды. Ал біздің кандидатымыз сол жолды біледі және өз өмірімен оны дәлелдеп отыр. Өмірміз жақсы болсын десеңіз, жемқорлықты түп-тамырымен құртуымыз қажет. Сөз бостандығынан бастап қоғам мен билік арасындағы әділдікті орнатқанымыз жөн. Еуропадағыдай тұрамын десеңіздер, сол жақтағы төңкерістердің құндылықтарын қабылдауымыз қажет. Олар – бостандық, теңдік және бауырластық», – деп атап көрсетті Перуашев.

Тағы оқыңыз: Президенттікке кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы

Оның айтуынша, Дания Еспаева бір жасында ата-анасыз қалған. Соған қарамастан, өзінің білімі мен еңбегі арқасында біраз жетістіктерге жетті.

«Шындықтан қашып құтылмайсың»

«Ұлт тағдыры» қозғалысының кандидаты Әміржан Қосанов та үндеуін жариялады.

«Құрметті отандастар, биылғы президенттік науқанда мен осы жылдар бойына демократия мен әділеттік үшін өмірін қиған, сотталған, ұрылған, соғылған әріптестерімнің аманатын арқалап келдім. Мен сол мұраттарға адал боламын. Қазақстан – жер қойнауы бай, бірақ жұрты кедей мемлекет. Бізде бәрі бар. Бірақ бізге ешнәрсе жетіспей тұр. Біз соларға қарай ұмтылуымыз қажет. Олар – бостандық, шындық пен әділеттік», – деді Қосанов.

Кандидат кейбір идеяның революциялық сипатта қабылдануы мүмкін деген ойды да жеткізді.

Тағы оқыңыз: Әміржан Қосанов: Тоқаевтың уәдесіне сеніп келдім

«Бір нәрсе анық, билікті халықтың өз қолына қайтарып алуы үкіметтің жауапкершілігін арттырады. Ол халықпен санасып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ескеруге мәжбүр болады. Нәтижесінде биліктің қызметі жақсарады», – дейді Қосанов.

«Мемлекеттік тілде ғана сөйлеуіміз керек»

«Ұлы дала қырандары» республикалық бірлестігінің үміткері Сәді-Бек Түгел ешқандай партияға мүше емес екеніне баса назар аударып, қарапайым халықтың өкілі сөз сөйлеуге келгенін жеткізді.

«Біздің негізгі мақсатымыз – Ұлы дала мәдениетін жаңғырту, мемлекеттік тіліміз бен салт-дәстүрді дамыту, халықты бірлік пен ынтымаққа шақыру. Бүгін мына сайыс-додаға түсіп отырған кандидаттардың ана тіліне деген көзқарасы мені толғандырып отыр. Дұрысында бүгін біз мемлекеттік тілде сөйлеп, мемлекеттік тілде пікір алысуымыз керек еді. Осы тұрған азаматтардың ішінде мен жалғыз өзім ғана бүкіл сайлауалды науқанды тек қазақ тілінде жүргізіп, қазақ тілінде сөйлеп келе жатырмын», – дейді Түгел.

Тағы оқыңыз: Кандидаттардың аты-жөні бюллетенде қандай ретпен жазылады?

Кандидат коммунистер мен ұлтшылдарға сенбейтінін де ашық айтты. Ал президенттікке сайланса, адал қызмет етуге ант берді.

«Жұмысшылардың жағдайы жақсы болуы қажет»

Қазақстанның коммунистік партиясының кандидаты Жамбыл Ахметбеков жұмысшылардың құқықтарын қорғауға уәде етті.

«Біз ақшаға табынушылыққа қарсымыз. Біз әлеуметтік мәселелерді шешуге ден қоямыз. Көмекке зәру адамдарға көмектесеміз. Жұмысшы азаматтардың жағдайы жақсы болуы қажет. Оларды қолдау үшін отандық тауарлардың өндірісін арттырған жөн. Біз, коммунистер, еңбекті жоғары бағалаймыз. Сондықтан шаруа адамдарының кооперациясы ғана оң нәтиже береді деп білеміз», – дейді Ахметбеков.

«Ауыл» партиясы халықтың жанын жеген мәселелерін сезеді»

Кандидат Төлеутай Рақымбековтың өкілі Әли Бектаев «Ауыл» партиясының халықтың жанын жеген мәселелердің сезетінін жеткізді. Оның айтуынша, аталған ұйым барлық маңызды саяси оқиғалардан тыс қалмайтын нағыз халықтық партияға айналды.

«Дәл осы себептен «Ауыл» партиясы, оның кандидаты Төлеутай Рақымбеков ауылдардың проблемасын өткір қозғап отыр, себебі партия кандидаты бұл мәселелерді қалай шешу керектігін жақсы біледі. Өйткені ол аграрлық сектордың білікті маманы. Біз ауылдың гүлденуі еліміздің көркеюі деп санаймыз. Агронеркәсіптік кешенді көтеру арқылы біз жалпы халықтың әл-ауқатын арттырамыз», – дейді Бектаев.

Тағы оқыңыз: Сайлауалды дебатта кандидаттар не айтты?

Оның айтуынша, ауыл – руханиятымыздың қайнар көзі, салтымыз бен дәстүрімізді, мәдениетімізді сақтап қалған қасиетті мекен. Біздің нанымыз да, дәміміз де сол ауылға тікелей байланысты.

Елбасы ұсынған кандидат

Ал Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев Nur Otan-ның атынан Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған кандидаттың шығып жатқанын тағы да еске салды.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, Елбасымыздың қасында жүріп, тәуелсіздікті күшейтуге, мемлекеттілігімізді дамытуға өзінің үлкен үлесін қосып келе жатқан қайраткер тұлға. Қазақстан тарихында алғаш рет БҰҰ Бас хатшысының орынбасары сияқты аса лауазымды қызметті де абыроймен атқарды. Қай қызметте болса да, парасаттылығымен, адалдығымен танылған отаншыл, нағыз патриот азамат. Сонықтан Қасым-Жомарт Кемелұлын тәуелсіздігімізді одан әрі күшейтіп, мемлекеттілігіміздің басшысы болуға ең лайықты тұлға деп бәріміз қабылдаймыз. Осыған орай барша қазақстандықты Елбасы ұсынған, Елбасы қолдаған тұлға Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырамыз», – деп атап көрсетті Әшімбаев.



sputniknews.kz