ДДСҰ бас директоры мен Жүрсін Ерман бір-біріне құда ма?
Биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан белгілі ақын Жүрсін Ерманға сонау Женевадан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесус бейне-құттықтау жолдап, ақынды «құда» деп атады. Бұл жаңалық талайды таңқалдырды. Ол қазақ ақынымен қалай құда болуы мүмкін. Nege.kz тілшісі де Жүрсін Ерманға хабарласып, мән-жайды сұрады, деп хабарлайды kznews.kz сайты.⠀
— Менің екі қызым бар. Кіші қызым Ардақ Алматыда тұрады. Соның Айдана деген қызы бар. Яғни, жиен немерем. Біз оны бала кезінен тіл үйрену үшін Жаңа Зеландияға мектепке бердік. Мектепті сол жақта бітіріп, Швейцариядағы қонақ үй бизнесі деген академияға оқуға түсті. Оны тәмамдаған соң Испанияда бір жыл магистратурада оқыды. Біріккен ұлттар ұйымында жұмыс істеді.⠀
Сол жиенім төрт жыл бұрын ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Гебрейесустың үлкен баласы Аманмен танысып, соған тұрмысқа шықты. Күйеубала – отбасында бес ұлдың үлкені.
Олар құда түсіп, сырға тақты. Алматыда қазақи сән-салтанатпен той жасап, ұзаттық. Қазір Ния Ботагөз деген қызы бар. Бәрі Женевада атасымен бірге тұрады.⠀
– Өзіңіз қазақ қыздарының жат елге тұрмысқа шыққанына қалай қарайсыз?⠀
– Онша жаратпаймын. Бірақ қызым 8-сыныптан бастап сыртта жүрді. Оған не деп айтамыз? Тәрбиесі еуропалық болып кетті. Алайда өзі күй тартады. Жаңа Зеландияға домбырасын алып кетті. Қызым қазақы, қазақша сөйлейді. Атасын да қазақша сайратып отыр ғой. Сол қызым үшін, бізді сыйлағаны үшін қазақша сөйлеп жатыр.
Әлеуметтік желідегілер аузына келгенін оттап жатыр екен. Біреулер «Енді Жүрсін Ерман жақын арада Денсаулық сақтау министрі болады» депті (күледі).⠀
– Жиеніңіз бақытты ма?
– Женевада тұрады. Өзім де талай рет барып келдім. Немерем бақытты. Немерем тұрмақ, мен де бақыттымын. Атасын қазақша сөйлеткеніне ризамын. Ол көшедегі біреуге тиіп кеткен жоқ. Үлкен тұлғаның баласына тұрмысқа шықты. Жақсы тұрып жатыр. Басқа не айтамын?