«Дауысым ұрланды» деп пикетке шыққан студентті полиция бірнеше сағаттан соң босатқан

0

17 маусымда Қостанай қаласындағы әкімдік ғимараты маңындағы алаңда жалғыз адамдық пикет өткізген студент Мәди Әбдірахмановты полиция ұстаған соң үш сағатқа жетпей босатып жіберген. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне Мәди Әбдірахманов айтты.

— Үш сағатқа жетпей бөлімшеде ұстады. Сондықтан хаттама толтырмай-ақ жібере салды. Не үшін қалай қандай мақсатпен жасағанымды сұрады, — деді студент телефон арқылы.

Оның айтуынша, пикет “бейбіт тыныш өткен”.

— Ешкімді оқудан шығарған жоқ, қызметтен кетірмеді, — деді ол.

Полицияның қай бөлімшесіне апарғанын сұраған кезде студент нақты қай бөлімше екенін есіне түсіре алмады. «Әйтеуір қалалық бөлімше» деді ол.

17 маусымда қостанайлық “Наша газета” басылымы облыстық әкімдік ғимараты маңында “Менің дауысым ұрланды” (У меня украли мой голос) деген жазуы бар плакат ұстап шыққан студент Мәди Әбдірахмановқа бес минуттан соң полиция қызметкерлері келіп, «сұрақ-жауап» алып, кейіннен ұстап әкеткенін хабарлаған. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде докторантурада оқитынынын айтқан студент «Ендігәрі халықты осындай циркпен (сайлау — М.А) алдай ала алмайсың деп биліктің назарын аударту үшін осында келдім. Сайлаудың заңсыздығын көп фактілер мен фальсификациялар, сайлау комиссиясы тарапынан жасалған заңбұзушылықтар, тәуелсіз бақылаушылардың қысымға ұшырауы дәлелдейді» деген.

Басылымның жазуынша, Мәди Әбдірахмановтың плакатында елде маусым айының басында құрылған #Оyan,Qazaqstan жастар қозғалысының аты жазылған хэштег те болған. Ол елде парламенттік республика құрып, демократияландыру үрдісін жалғастыруды көздейтін жастар қозғалысын қолдайтынын осылайша білдіргісі келген.

Азаттық тілшісі бұл оқиғаға байланысты жергілікті полиция бөлімшесінен жауап ала алмады.

Azattyq