Дауыл салдарынан Екібастұз жылу электр орталығында қазандықтар тоқтап, Павлодарда 100 елді мекен жарықсыз қалды

0

Астана тұрғындарына ауа райының нашарлап, қатты жел соғуына байланысты үйде отыруды сұрады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ауа райы жағдайының нашарлауына, оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20, кей уақытта 23 м/с күшеюіне байланысты елорда тұрғындары мен қонақтарынан жел тоқтағанша үйден шықпауын сұрады.

Сондай-ақ әкімдік балаларды қараусыз қалдырмауды сұрады. Олар көшеде қатты жел кезінде жер асты өткелдерін немесе ғимараттарға кіреберістерді паналауды ұсынды.

«Үйлердің қабырғаларына жақын жерге қатты желден қорғану үшін жасырынбаңыздар. Өйткені шатырлардан шифер және басқа да шатыр материалдары құлап кетуі мүмкін. Дауылды желдер кезінде бірінші кезекте электр желілері мен жабдықтарының, тұрғын үйлердегі жылыту пештерінің жай-күйін тексеру, ішкі және сыртқы өртке қарсы су құбырының, телефон байланысының жарамдылығын қамтамасыз ету, өртке қарсы дайындық жұмыстарын жүргізу қажет», — деп хабарлады әкімдік.

Сондай-аұ ауа райының күрт бұзылуы Екібастұз жылу электр орталығына да зардабын тигізді. Дауыл салдарынан түнде қазандықтар тоқтап қалды.

«Кеше түнде соққан дауылды желдің салдарынан кей жерлерде 30 м/с-тан асатын Екібастұз ЖЭО кернеусіз қалды. ГРЭС-1-ден қуат алатын негізгі және резервтік қосалқы станциялардың тоқтап қалуына байланысты станцияны электрмен қамту үзілді. ЖЭО-ның негізгі жабдықтары электр энергиясы есебінен жұмыс істейтіндіктен, стансадағы қазандықтар мәжбүрлі түрде өшірілді», — делінген «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС хабарламасында.

Таңғы сағат 5.15-те жылу электр орталығына электрмен жабдықтау қалпына келтірілді, станса жұмысын қайта бастады. Алдағы сағаттарда жылумен қамту көрсеткіштері тұрақталады, деді компания.

Энергетика министрлігі сағат 12.00-дегі жағдай бойынша №7 қазандық жұмыс істеп, №14 қазандық жануда, №11 және 15 қазандықтар жарықтандыруға дайындалып жатқанын хабарлады.

Ал 18-19 қараша аралығында Павлодар облысында ауа райының нашарлауына байланысты 100 елді мекенде электр энергиясы үзілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазір олардың 60-ында ғана жарық қалпына келтірілсе, 40-ы жарықсыз отыр.

Сондай-ақ облыста 42 ғимараттың шатыры жұлынған. Азаматтық қорғау қызметінің күштері мен құралдарын пайдалана отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Бөлім адамдардан көшеге шықпауды сұрады.

«Құрметті Павлодар облысының тұрғындары мен қонақтары, Төтенше жағдайлар департаменті мүмкіндігінше ауа райы жақсармайынша далаға шықпауға шақырады.