Дәурен Абаев Нұр-Сұлтандағы көп балалы аналар наразылығы туралы айтты

0

Көп балалы аналардың наразылығы туралы пікірін айтқан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев “бәріне пәтер беру мүмкін емес, оған жол беруге де болмайды” деген. Министр бұл пікірін 6 маусымда мемлекеттік «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында айтқан.

Мемлекеттің көп балалы отбасыларға көмек көрсетіп жатқанын айтқан министр “бар жауапкершілікті мемлекеттің мойнына арту қаншалықты дұрыс?” деп айтқан.

“Көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беріліп жатыр. Орташа есеппен бір отбасыға 100 мың теңгеден астам көмек беріледі. Бұдан бөлек мектептерде олардың балаларына тегін тамақ, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, оқуға түсерде квота қарастырылған. Өз өмірің, игілігің үшін бар жауапкершіліктен бас тартып, бәрін мемлекет мойнына артып қою қаншалықты дұрыс? Осы уақыт бойы әкімдікті қоршаған көп балалы аналардың ешқайсысы өкінішке қарай жұмысқа орналастыруды, біліктілігін арттыруды, тым болмағанда күйеулерінің жалақысын көтеруді талап еткен жоқ. Бәрі бір ғана нәрсені талап етті: «міне, қазір баспана беріңдер, несие беріңдер» деді” деген Абаев сұхбатында.

3 маусымда Нұр-Сұлтанда ондаған ана Ақорда мен Үкімет үйі маңына барып «әкім мен министрдің уәдесінен шаршағанын», Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен премьер-министр Асқар Маминнің шығуын талап еткен. Олар әлеуметтік жағдайларын жақсартуды, биліктен баспанамен қамтамасыз етуді талап еткен.

Наразы аналардың бірі «Біз тегін баспана сұрамаймыз. Бізге айына 30-40 мың теңге төлейтіндей етіп үй беріңдер» деген еді.

Ашынған аналар «астананың атын өзгертуге келгенде, қымбат-қымбат шараларды өткізуге келгенде мемлекет ақша табады, ал аналардың талаптарын неге орындай алмайды?» деп шағымданған еді.

Көп балалы аналарды қабылдаған Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Бақытжан Сағынтаев баспана сұраған аналардың талабының заңды-заңсыздығын қарастыратын мәлімдеді.

2019 жылы ақпанның 4-і күні Астананың Көктал-1 шағын ауданындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес бала опат болған.

Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейді. Ақпанның 6-сы күні ел астанасында жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап етті.

Ақпанның 21-і күні сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті «халықтың жағдайын жақсарта алмады» деп сынап, таратып жіберді. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалды.

Ақпанның 27-і күні «Нұр Отан» партиясының съезінде Назарбаев көп балалы отбасылардағы әр балаға 21 мың теңге төленетінін мәлімдеген еді.

Azattyq