Дәурен Абаев «Көкжайлау» тау курорты қажет екенін айтты

0

Алматыда курорт салу мәселесі әлі талқыланып жатыр, ал көрші елдер тау-шаңғы индустриясын қарқынды дамытуға күш салуда.

Бүгінгі таңда Қазақстанда тау курортына деген сұраныс артып келеді. «Шымбұлаққа» келушілердің шамадан тыс көбеюі де осыны растайды. «Хабар» телеарнасындағы «Ашық әңгіме» бағдарламасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осындай пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сұхбат кезінде Дәурен Абаев «Шымбұлақ» тау курортына келушілер шамадан тыс артуына және осындай курорттарға деген сұраныстың жоғары болуына байланысты, Алматыда тағы бір курорт салу қажет болып отырғанын айтты.

«Бүгінгі таңда біз туризмді дамыту үшін қолда бар рекреациялық мүмкіндіктерді пайдалануға тиіспіз. Туризмнің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10 пайыздан асады, бұл 8 трлн доллар деген сөз. Біз туристер үшін күресуіміз керек. Қала маңында орналасқан таулар — Алматының басты артықшылығы», — деді министр.

Алматыда курорт салу мәселесі әлі талқыланып жатыр, ал көрші елдер тау-шаңғы индустриясын қарқынды дамытуға күш салуда.

«Мәселен, Өзбекстанда 100 млн доллардан астам инвестиция құю арқылы үлкен курорт ашылмақ. Қырғызстанның Қаракөл ауданында үлкен екі курорт салынып жатыр. Әзербайжанда енді ғана ашылған тау-шаңғы курортына 100 мың адам барып үлгерді», — деді Д.Абаев.

Министрлік басшысы 2014 жылы ұсынылған тау-шаңғы курортының бірінші жобасында табиғат ландшафтын біршама өзгерту көзделгенін, негізінен қалталы шетелдіктерге арналғанын еске салды.

Бұдан тыс, Д.Абаев осы жобаны іске асыру кезінде барлық экологиялық мәселелер ескерілетініне сенім білдірді.

«Қазір әкімдік құрылыс мәселесін қайта қарап шықты. Жыл бойы жұмыс істейтін, жұрттың бәріне қолжетімді курорт салу жоспарланып отыр. Трассаның жоспардағы ұзындығы қысқарды, ғимараттардың аумағы шамамен 10 есе кішірейді. Осының бәрі экологияға әсерді азайтады», — деп түйіндеді министр.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!