Даун синдромы, аутизм, сал ауруы. Түрлі дертке шалдыққан актерлер Астанада өнер көрсетті — Өнер

0

Назарбаев Университетінің кинозалында ерекше күтімді қажет ететін жас актерлер «Сұлу қыз бен құбыжық» спектаклін қойды, — деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.

Көптеген музыкалық нөмірге негізделген спектакль Дисней ертегісінің 40 минуттық нұсқасы бойынша қойылған. Онда даун синдромы, ақыл-ойдың артта қалуы, церебральды сал аурулары, аутизм спектрінің бұзылуы сынды диагнозы бар 25 жасөспірім актер өнер көрсетті. Жас актерлерге еріктілер — оқушылар, студенттер және жас мамандар қол ұшын берді. 

«Сахнада 50 адам өнер көрсетті. Сахнадан тыс балалардың киімін ауыстыру, бояндыру, сурет пен бейнетаспаға түсіру, дыбыс және жарықпен жұмыс істеуге 25-тен астам ерікті көмектесті. Спектакльге 300-ден астам көрермен жиналды. Мұндай қызығушылық танытады деп күткен жоқпыз. Музыкалық кеш өте жарқын әрі әсерлі болды. Ал спектакльден кейін актерлерден қолтаңба алу үшін көрермендер кезекке тұрды», — деді ұйымдастырушылар.


© astana.gov.kz

Әкімдіктегілердің айтуынша, «KИT» инклюзивті мектебінің ашылғанына бір жылдан асты. Аз уақытта олар екі жобаны — инклюзивті театр және кәсіптік бағдар беру бағдарламасын жүзеге асырып үлгерді. Инклюзивті театр Астанада қазірдің өзінде екі музыкалық қойылымын ұсынды. Келер жылы гастрольдік сапарларға шығуды жоспарлап отыр.