даулы жазбадан кейін шенеунік қызметінен кетті

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Бұл аз уақыт ішінде Шымкент жастар ресурстық орталығының қатысы бар екінші даулы жағдай. Бірнеше күн бұрын осы қалада такси жүргізушісінің қысқа белдемше киген қызға ақыл айтқан видеосы көпшіліктің талқысына түскен болатын

АЛМАТЫ, 11 маусым – Sputnik. Шымкент жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Данияр Алан әйелдерге қаратып айтқан даулы пікірінен кейін қызметінен кетті. Бұл жайында өзі Facebook парақшасында хабарлады.

Ол даулы жазбаны Telegram арнасында 2017 жылдың қарашасында жариялаған.

«Құдай алдымен еркекті жаратты. Еркектің іші пысып кеткен соң құдай еркекке серік етіп әйелді жаратты. Егер құдай кез-келген нәрсені бір себеппен жаратады деп есептесек, еркектің мына дүниеде бір миссиясы болып тұрғаны. Ал әйел еш себепсіз, жай еркектің еркелігі үшін ғана жаратылды. Олардың еш миссиясы жоқ. Ал бала табу деген миссияны кейін өздері ойлап тауып алған секілді. Оның үстіне қисық қабырғадан жаратылды», – деп жазды Данияр Алан.

Бұл жазба Шымкенттің жастар ресурстық орталығының тапсырысымен бюджет қаражатына түсірілген болуы мүмкін ролик елдің талқысына түскеннен кейін пайда болды.

Бейнероликте қысқа белдемше киген қыздың такси жүргізушісімен болған оқиғасы көрсетіледі. Таксист қысқа белдемше киген қыздың жезөкшеге ұқсайтынын айтып, көлігінен шығармай, ақыл айтады. Сонымен қатар бұл видеода такси жүргізушіні жағымды кейіпкер ретінде көрсеткен. Роликте Шымкент қаласы жатсар ресурстық орталығының тапсырысымен түсірілгені жазылған, ал сол жерде Данияр Алан жұмыс істеді.

Шымкент жастар ресурстық орталығы басшысының жаңа орынбасары болып Жұлдыз Балтабаева тағайындалды.

«Әйелді ұруға болады, көп әйел алуды қолдаймын»

Маусым айының басында астанадағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Ерлан Сүлеймен Facebook желісінде «әйелдерді ұрып-соғуға болады және солай істеу қажет» деген пікірінен кейін қызметінен босатылды.

Жас ғалымдар альянсының төрағасы Әсем Ермұхамбетова ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында білім беру мәселелерін негізінен ер адамдар талқылағанын жазды. Оған пікір ретінде Ерлан Сүлеймен «әйелдер тіпті өз жүктілігін де зерттей алмай келеді. Қанша лайық болса, соншасы қатысып отыр» деген пікір қалдырған.

Өзін исламист деп атап, жақша ішіне «көп әйел алуды қолдаймын, әйелдерді ұрып-соғуға болады және кейде ұру да керек» деп жазды.

Ал университет басшылығы өз қызметінде кез келген түрде болсын адамды кемсітуге төзбейтінін, Ерлан Сүлейменнің дінге және басқа да мәселелерге қатысты пкірін қолдамайтынын алға тартты.

Университет басшылығы тексеру жүргізетінін, Ерлан Сүлеймен арасындағы қарым-қатынас Қазақстанның еңбек заңнамасымен реттелетінін жеткізді.

Қыздарды маркерге теңеді

2020 жылдың наурызында абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебінде мектеп оқушыларын оқуға емес, бала тууға үндеді. Дәріс кезінде қыздарды кеуіп қалатын маркерге теңеген болатын.

Абайтанушының айтқан сөзі мектеп оқушыларының ашуына тиді. Мектептің 11-сынып оқушысы Instagram желісінде пікірін жазып, оның бұл сөзімен келіспейтінін жеткізді. Мектеп әкімшілігі де оқушының позициясын қолдады.

«Қыз мұраты – кету» дегенді біз ұмыттық. Соның салдарынан қазір біздің қыздарымыз «менің мұратым – оқу» деп ұғады. Сол себепті қазір қазақтың қыздары оқу қуып, тұрмысқа шықпай жатыр. Соның кесірі біздің демографияға кері әсер етіп, халықтың саны өспей жатыр. Мен «ұлдың мұраты – елге қызмет ету, ал қыздың мұраты – ерге қызмет ету» деп айттым», – деп түсіндірді сөзін Омар Жәлел.



sputniknews.kz